Жаңалықтар

Халыққа берілген қарыздар ломбардтар есебінен артып жатыр

Халыққа берілген қарыздар ломбардтар есебінен артып жатыр
Халыққа берілген қарыздар ломбардтар есебінен артып жатыр/Фото: KursivMedia

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың активтері 2025 жылғы 1-тоқсанда 5,2%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 3,2 трлн теңгені құраған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

МҚҚЖҰ құрылымында активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымдарына 1,8 трлн теңге немесе 57,4%, кредиттік серіктестіктерге – 0,9 трлн теңге немесе 29,4%, ломбардтарға – 0,4 трлн теңге немесе 13,2% тиесілі.

Халыққа берілген қарыздар көлемі негізінен 2025 жылғы 1-тоқсанда ломбардтар берген микрокредиттердің есебінен 3,4%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,2 трлн теңгені құраған.

Берешегі 90 күннен асатын қарыздардың деңгейі МҚҚЖҰ-ның портфелінде 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 5,2%-ды құраған.

МҚҚЖҰ-ның меншікті капиталы 2025 жылғы 1-тоқсанда негізінен бөлінбеген пайданың ұлғаюы есебінен 5,1%-ға ұлғайып, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,1 трлн теңгеге тең болған.

Бұған дейін, TikTok желісінде ломбартқа өткізілген алтын несие тарихында 10 жыл бойы қарыз ретінде тұратыны айтылған видео тараған. KursivMedia аталған ақпарат қаншалықты шындыққа сай екенін тексерген.