
Екібастұзда прокуратура екі ірі кәсіпорынның мемлекетке төленуі тиіс салық міндеттемелерін едәуір төмендеткенін анықтады. Бюджетке төленбеген жалпы сома шамамен 1 млрд теңгеге жуықтайды.
Қадағалау шаралары барысында, «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-ы жабдықтарды жөндеу кезінде кіріс әкелетін қызметке қатысы жоқ тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша сомаларды шегеріп тастағаны анықталды. Нәтижесінде 421 млн теңге көлемінде салық төленбеген.
Бұдан бөлек, «Қазақстандық вагон жасау компаниясы» ЖШС-ның қызметінде өнімді өткізу айналымын да төмендеткен. Бұл да бюджетке түсетін түсімге әсер еткен — төленбеген салықтың жалпы сомасы 550 млн теңге.
«Қадағалау актісі негізінде салық органдары камералдық бақылау жүргізіп, салық төлеушілердің қатысуымен әкімшілік тыңдаулар ұйымдастырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде анықталған барлық бұзушылық жойылып, кәсіпорындар салық міндеттемелерін өз еркімен орындап, жетіспейтін сома толық көлемде мемлекеттік бюджетке аударылды»,– делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанда 15 мыңнан аса компанияның бюджетке салық берешегі 759 млрд теңгеге жеткен. Бұл қарыздың басым бөлігі он шақты компанияға тиесілі. Мемлекеттік кірістер комитеті салық берешегі 150 АЕК, яғни, 600 мың теңгеден асатын компаниялардың тізімін жариялады.