Жаңалықтар

ҚТЖ 2025 жыл соңына дейін IPO-ға шықпақ

ҚТЖ IPO
ҚТЖ-ның IPO-cы Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының акциялары 2025 жыл соңына дейін IPO-ға шығады. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Мәжілісмендер депутаттық сауалында «Самұрық-Қазына» қоры жұмысының экономикалық тұрғыдағы тиімділігіне күмән келтіріп, қордың иелігіндегі компанияларды бәкекелес ортаға берер кез жетті деп тұжырымдаған.

Премьер-министрдің жауабында жекешелендіру процесі шеңберінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы компаниялар саны 600-ден 300-ге дейін қысқартылғаны айтылған. Бұл – демонополизация бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі.

Қысқартылған және жекешелендіру тізіміне енген активтер қатарында «ҚазМұнайГаз», «Тау-Кен Самұрық», «Қазақтелекомның» иелігіндегі компаниялар бар.

Сонымен қатар ҚТЖ акциялары 2025 жылдың соңына дейін IPO-ға шығарылмақ. Ал 2026–2027 жылдары «QazaqGaz» ұлттық компаниясының акцияларын нарыққа шығару жоспарда тұр.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры ҚТЖ-ның 10–25% акциясы сатылымға шығарылуы мұмкін екенін мәлімдеген Кейінірек қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов IPO аясында 20% дейінгі үлес сатылады деп нақтылаған.

2024 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызы 851,9 млрд теңгеден 1,36 трлн теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар облигациялық қарыздың құны 1,29 трлн теңгені құрады. Осылайша, «ҚТЖ»-ның жалпы қарызы 2,65 трлн теңге болып, алдыңғы жылғы 2,1 трлн теңгемен салыстырғанда, айтарлықтай артқан.