
Павлодарда бүйрегін сатпақ болған бір шетел азаматы ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайты хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, шілде айының ортасында көрші мемлекет азаматының бүйрегін сататыны туралы жедел ақпарат түсті. Шетелде тұратын әйел сол үшін Павлодар қаласына келіп, баға мен шарттарды талқылап, сатуға келісім берген.
«ҰҚҚКБ қызметкерлері күдіктіні келісілген ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұстады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Қазақстанда заңсыз трансплантациялауға, сонымен бірге адам ағзасының, мүшелерінің, тіндерінің және тіндерінің бөліктерін сату, сатып алуға тыйым салынған. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Полиция азаматтарға осындай оқиғаларға куә болған жағдайда, «102» арнасына немесе «police 102» мобильді қосымша арқылы хабарлауға кеңес берді. ІІМ мәлімет жеткізген адамның аты-жөнін құпия сақтайды.