Жаңалықтар

Жазғы демалыста 90 мыңға жуық бала мектепалды дайындықтан өтті

Жазда 90 мыңға жуық бала мектепалды дайындыққтан өтті / фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жазғы демалыс кезінде бірінші сыныпқа баратын балаларға тең мүмкіндік беру мақсатында мектепалды дайындыққа арналған «Балақайлар мектебі» қысқа мерзімді бағдарламасы ұйымдастырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Бағдарлама мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді. Балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының бағыттары бойынша алдын ала дайындауға мүмкіндік берді.

Жоба мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленген. Оқыту барысында балалардың:

  • физикалық;
  • коммуникативтік;
  • интеллектуалдық;
  • шығармашылық;
  • әлеуметтік-эмоционалды дағдыларын дамытуға басымдық берілді.

Сонымен қатар, мектепке деген оң көзқарас қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамованың айтуынша, жазғы үш айда 90 мыңға жуық бала қысқа мерзімді дайындықтан өткен. Оның ішінде шамамен 60 мыңы – қала балалары, ал 30 мыңнан астамы – ауылдық жерлердегі балалар.

Мектепалды дайындық бағдарламасы 1 айға есептелген. Сабақтарды білікті бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепалды даярлық педагогтері жүргізді.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2025-2026 оқу жылы қай күні басталатынын айтқан еді.