Жаңалықтар

Үй кезегінде тұрғандар жеңілдетілген ипотеканы қалай алады – Отбасы банк түсіндірді

Азаматтар пәтер мен үй алудың жаңартылған ережелерін пайдалана алады / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар енді «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотека бойынша пәтер мен үй алудың жаңартылған ережелерін пайдалана алады. Банк бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін және неден бастау керектігін түсіндіріп берді.

«Барлығы Отбасы банкіндегі депозиттен басталады. Клиент шот ашып, пәтер құнының кемінде 10% мөлшеріндегі бастапқы жарнаны біртіндеп жинайды. Одан кейін Baspana Market порталында жарияланатын тұрғын үй нұсқалары мен қатысу шарттарына қатысты конкурстарды қадағалап отыру қажет», – делінген ақпаратта.

Депозитті бірнеше жолмен ашуға болады: Otbasy Bank мобильді қосымшасы арқылы, банк бөлімшелерінде немесе кеңес беру орталықтарында.

Айта кетейік, тұрғын үйлерді мемлекеттік бағдарламалар – «2-10-20» және «5-10-20» аясында әкімдіктер салады, ал оларды бөлу Baspana Market порталы арқылы жүзеге асырылады.

Пәтерге қатысты конкурстар otbasybank.kz ресми сайтында, банктің Instagram парақшасында @otbasy_bank_kz, сондай-ақ аймақтық филиалдардың әлеуметтік желідегі беттерінде тұрақты түрде жарияланып тұрады.

Отбасы банкінің мәліметінше, депозитті уақытында ашып, Baspana Market порталындағы ақпаратты мұқият қадағалау – мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана иесі болғысы келетіндер үшін табысқа жетудің басты кілті саналады.

Еске салсақ бұған дейін «Отбасы банк» үй кезегі неге «артқа жылжып»  кете беретінін түсіндіріп берген еді.