Health

Қазақстандағы медицинаны цифрландыру және телемедицина маңызы

Телемедицина деген не және ол елімізде қалай дамып жатыр/фото нейрожелі арқылы жасалды

Медициналық ақпараттық технологиялар мемлекет үшін де, дәрігерлер үшін де, науқастар үшін де маңызды. «MED365» ЖШС негізін қалаушы әрі бас директоры Шыңғыс Құлахметов медицинаны цифрландырудың заманауи үрдістері, ауылдағы денсаулық сақтау саласы үшін телемедицина пайдасы және елдің жекелеген өңірлерінде іске асырылған медтех-жобалар туралы айтып берді.

Медицинаны неге цифрландыру қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елді барынша цифрландыруға және барлық салаға жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Бұл денсаулық сақтау саласында үшін де маңызды, себебі ол медициналық қызметтер жүйесін ашық етеді, бюджет қаражатын тиімдірек жұмсауға, халыққа жедел әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Цифрландыру – жаһандық тренд. Әлемнің түкпір-түкпірінде бұл сала шығынның өсуі, кадр жетіспеушілігі, халық тарапынан медициналық қызметтерге сұраныстың артуы, соның ішінде халықтың қартаюына байланысты бірқатар мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Мысалы, ДДСҰ 2020-2025 жылдарға арналған жаһандық стратегиясында цифрландыруды саланы дамытудың басым бағыты ретінде атап өтті. Зерттеу жасаумен айналысатын халықаралық McKinsey & Company компаниясы жасанды интеллект пен машиналық оқыту денсаулық сақтау саласындағы шығындарды 200-ден 360 миллиард АҚШ долларына дейін үнемдеге мүмкіндік беретінін көрсеткен. Әрине, бұл цифрлық медицинаны дамытуға жеткілікті инвестиция салынған жағдайда ғана іске асады.

Телемедицина маңызы және ол Қазақстанда қалай дамып жатыр

«Телемедицина» термині жаңа ұғым емес, ол 1970 жылдары пайда болған. ДДСҰ сарапшылары содан бері бұл ұғымға қатысты 104 анықтама берілгенін анықтап, бірыңғай түсінік енгізді. Яғни, ақпараттық-компьютерлік технологиялар көмегімен көрсетілетін медициналық қызмет. Бұл жерде басты фактор ретінде қызметтің қашықтан көрсетілетіні айтылған.

Бұл тікелей Қазақстанның ауылдық денсаулық сақтау жүйесіне қатысты болып отыр. Елде 6 179 ауыл бар, яғни кемінде бұл жерлерде 50 адам тұрады. Ішінде шалғай аймақтағы 800 ауылда алғашқы медициналық көмек пункті жоқ.

Ауыл тұрғындары сапалы медицинаға екі жолмен қол жеткізе алады. Біріншісі – қымбат әрі күрделі: барлық жерде денсаулық сақтау нысандарын салу, оларды қымбат медициналық жабдықтармен жабдықтау, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету. Оның үстіне тек мейірбикелер ғана емес, жоғары білікті мамандар да қажет. Қазірдің өзінде қала мен ауыл дәрігерлерінің саны арасында теңсіздік пен кадр тапшылығы мәселесі бар. Мәселен, осы проблеманы шешу үшін ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген аса тапшы дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көлемінде төлемақы беру жоспарланып отыр.

Екінші нұсқа –пациенттерді қазірдің өзінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейде бар сапалы медициналық көмек орталықтарына жақындату. Бұл уақытты үнемдеп, шығынды азайтады. Сонымен бірге, жекелеген сала бойынша мамандардың ауылдарға баруының қажеті жоқ, сол уақытын олар басқа науқастарға жұмсай алады. Бұдан бөлек, «алтын сағат» қағидасы бар, яғни көмек көрсету уақыты шешуші рөл атқарады, кешіксе тым кеш болуы мүмкін.

Міне, осындайда телемедицина көмекке келеді: оның арқасында маман жүздеген шақырым жердегі пациентке көмектесе алады, ал кей жағдайда оның өмірін сақтап қалады.

Мысалы, Қарағанды облысының шалғай ауылдарында 2023 жылдан бастап Digital MED365 телемедициналық кешені қолданылып келеді. Оның көмегімен пациентті 10 минуттың ішінде тексеруге болады, соның ішінде ЭКГ жасауға және анализ алуға мүмкіндік бар. Электронды карта автоматты түрде жасалады. Кейін пациент туралы барлық ақпарат аудандық, облыстық немесе республикалық деңгейдегі дәрігерге жіберіледі, содан соң ол тікелей науқасқа немесе медицина қызметкеріне кеңес бере алады.

Жоба басталғаннан бері 91 ауылдағы фельдшерлер 5500-ден астам тұрғынды тексеген. Жедел диагностика мен шұғыл госпитализация 2 адамның өмірін сақтап қалды.

Цифрлық медициналық шешімдер нақты пайда әкелетін тағы бір сала – еңбек жағдайы зиянды әрі қауіпті өндіріс орындары. Елімізде мұндай 445 мыңнан астам жұмыс орны бар. Ондағы қызметкерлер жұмыс ауысымы алдында тексеруден өтуге міндетті, себебі бұл өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға көмектеседі. Әрбір бесінші мұндай жағдай өліммен аяқталатынын ескерсек, бұл өте маңызды.

Автоматтандырылған медициналық тексерулер жүйесі уақыт үнемдейді және кәсіпорындардағы тексерулердің сапасын арттырады. Мәселен, шахтер өзін жайсыз сезінуі мүмкін, бірақ отбасын асырау үшін, ақша табу үшін жағдайын жасырып, шахтаға түсе береді. Жүйе бұған жол бермейді. Мұндай жүйе 2020 жылдан бастап өндірістерде қолданылып келеді, осы уақыт ішінде оның көмегімен республика бойынша 9 өңірде шамамен 12 миллион тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде жұмыс кезінде жарақат алу мен денсаулықтың кенеттен нашарлауының 90%-дан астамының алдын алынған.

Сондай-ақ цифрлық шешімдерді әскерге шақырылғандар мен әскери-техникалық мамандықтарға түсетін талапкерлерді медициналық тексеруде қолдануға болады. Бұған арналған «е-Медтексеру» жобасы бар. Оның көмегімен тексеру 20 минуттың орнына небәрі 5 минутқа созылады, бұл жылына 1 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар адами факторға байланысты қателіктер мүлде жіберілмейді. Яғни, әскерге және оқуға денсаулығы жарамды адамдар ғана іріктеледі. 2023 жылдан бастап ақпараттық жүйе Астана, Шымкент қалаларында және үш облыста жұмыс істеп тұр.

Цифрландырудағы негізгі трендтер

Трендердің ішінде бірнеше бағытты атап өтуге болады. Ең алдымен, телемедицинаға көңіл бөлу – тек қашықтан консультация беру ғана емес, өтініштерді өңдеп, оларды жеделдігіне қарай сұрыптайтын чат-боттарды енгізу, сондай-ақ пациенттерді нақты уақыт режимінде бақылауға арналған медициналық құрылғыларды қолдану.

Сонымен қатар диагностика мен емдеуді жақсарту үшін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолдану тәжірибесі жүргізіледі. Бұл тек дәрігерлердің жұмысына ғана емес, адамдардың күнделікті өміріне де қатысты. Мұндай процесс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Мысалы, өз денсаулығымызды смарт-сағат пен смартфондағы қосымша арқылы бақылап отыруға болады.

Келесі бағыт – интероперабельдік пен деректерді біріктіру. Бұл медициналық деректерді жинақтап, олармен алмасуға мүмкіндік беретін бағдарламалық-техникалық шешімдерге, яғни пациенттерге көбірек көмек көрсетуге бағытталған. Бұдан бөлек, медициналық big data көлемінің артуына байланысты киберқауіпсіздіктің мәні артты. Бұл жағдайда деректердің сақталуын және құпиялығын қамтамасыз ету маңызды.

Тағы бір тренд – экожүйелілік. Яғни, мұнда тек пациенттер мен дәрігерлерді ғана емес, зерттеушілерді, өмірді сақтандырушыларды және басқа да көптеген маманды біріктіретін цифрлық хабтардың дамуы қамтылған.