
Қазақстанда электрсамокат жүргізушілеріне тротуармен жүруге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін.
«Бақылауды күшейтуге қатысты ұсыныстар ІІМ тарапынан өткен жылы енгізілген болатын. Олардың бірқатары қолдау таппады. Осыған байланысты депутаттармен бірлесіп, тротуармен электрсамокатпен жүруге тыйым салуды көздейтін жаңа түзетулер әзірленді», – деді ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха үкімет отырысында.
Сондай-ақ ІІМ кикшеринг компанияларының міндеттерін нақтылап, электрсамокаттарды пайдаланудың ережелерін қабылдау құқығын әкімдіктерге беру мәселесін ұсынуда.
«Әкім белгілі бір көшеде жүруге бола ма, болмай ма, қай уақытта жүруге тыйым салуға болады – осының бәрін өзі шешер еді. Аймақтарды да анықтай алар еді. Бірақ депутаттар бұл бастаманы қолдамады. Қазір осы мәселеге қайта оралып отырмыз», – деді вице-министр.
ІІМ дерегінше, 2025 жылдың басынан бері электросамокат жүргізушілерінің 29 мың ереже бұзу фактісі тіркелген, 8 мың электросамокат айыптұраққа қойылған.
Осыған дейін желіде самокат тізгіндеген екі ер адамның төбелескен видеосы тарады. Көшенің қиылысында бір-бірін қағып кете жаздаған екеу алдымен айтысып, кейін жанжал жаға жыртысқан төбелеске ұласады.
Алматыда арнайы рейд жүріп, бір тәулікте самокатшылар 1 мыңнан астам тәртіп бұзғаны анықталған.