Health

Қазақстанда медицинаны табысты салаға қалай айналдыруға болады?

Қазақстанда медицинаны табысты салаға қалай айналдыруға болады? / Фото: ЖИ арқылы жасалған / бильд-редактор: Юлия Петрова
Қазақстанда медицинаны табысты салаға қалай айналдыруға болады? / Фото: ЖИ арқылы жасалған / бильд-редактор: Юлия Петрова

Азия елдерінің денсаулық сақтау жүйелері – Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань және Қытай – бірнеше жылдан бері тиімділік бойынша көш бастап келеді. Бұл елдерде медициналық туризм жақсы дамыған, жаңа технологиялар жедел енгізіледі, ал азаматтар ең сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізе алады. Нәтижесінде медицина – мемлекеттің ең табысты салаларының біріне айналған.

Қазақстанның денсаулық сақтау саласы осындай көрсеткіштерге қалай қол жеткізе алады деген сұрақты Asmed емханалар желісінің негізін қалаушы Раушан Жақсыбаймен талқыладық. Бізге қандай реформалар қажет, медициналық туризмді дамыту керек пе, және республика тұрғындары мен шетелдіктердің отандық клиникаларда емделгісі келуі үшін тағы не істеу керек деген мәселелер сөз болды.

Медицинаны дамыту үшін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде ең алдымен нені өзгерту қажет?

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі ең өзекті мәселе – пациентке бағытталған тәсілдің болмауы. Бұл – медициналық көмекті ұйымдастыру үлгісі, онда пациенттің мүдделері мен қажеттіліктері барлық кезеңде басты назарда болады.

Бүгінде Қазақстан диагностика мен емдеуге арналған жоғары технологиялық жабдықтар, операция жүргізу әдістері және басқа да процедуралар бойынша басқа елдерден еш қалыс қалыс қалмайды. Бізде әлемдік тәжірибе де, технологиялар да бар. Алайда басты мәселе – пациентке бағытталған модельге көшу. Пациентке дұрыс көзқарас болмаса, қызметкерлерді тәжірибелік дағдыларға үйретуге және техникалық жарақтандыруға қанша қаржы құйылса да, жүйені жақсарту мүмкін емес.

Медицина мамандығы – әлеуметтік маңызы зор сала саналады. Ол автобус жүргізушісі немесе зауыттағы шебер сияқты нақты регламенттелген функцияны орындайтын мамандықтарға жатпайды. Мұндай мамандардан нақты нәтиже – өнім күтіледі. Ал кез келген дәрігер пациентпен қарым-қатынасқа эмоциясын салады, ал пациент болса қамқорлық күтеді.

Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы реформалар туралы ең алдымен осы тұрғыдан айту қажет. Дәрігердің психоэмоциялық тұрғыдан тұрақты, кәсібіне риза, шабытпен жұмыс істеуі маңызды. Ол қабылдау уақыты аяқталды деп 20 минуттан кейін компьютерді жауып тастауға тырыспай, сағат пен регламентке қарамастан, өз ісіне беріліп жұмыс істеуі керек. Пациентпен жұмыс – бұл әрдайым тірі процесс: бір адамға 15 минут жеткілікті болса, екіншісіне бір сағат қажет болуы мүмкін. Жоғары мінберлерден де дәрігер пациенттерді механикалық түрде қабылдамауы керек деген ойды жеткізу қажет. Ал халық дәрігердің кейде кідіріп қалуы, қосымша дәрі-дәрмек жазуы немесе қосымша процедура жасауы мүмкін екенін түсінуі керек. Сонда шағымдар да азаяды, пациенттер дәрігерге және жалпы денсаулық сақтау жүйесіне механизм ретінде емес, тірі адам ретінде қарай бастайды.

Раушан Жақсыбай – Asmed емханалар желісінің негізін қалаушы

Пациентке бағытталған модельді қалыптастыруға ең алдымен не кедергі?

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі жұмыс тәсілі көбіне посткеңестік мұрамен байланысты, ол кезде медицинаны тек процедуралар мен жұмыстар жиынтығы ретінде қарастырған. Ал қазіргі заман – индивидуализм дәуірі: адам қай жерге барса да, дүкендегідей қызмет көрсетуді күтеді, сервисті қалайды. Медициналық көмекке жүгінгенде де ол тек ем емес, қамқорлық күтеді.

Бүгінде министрлік медициналық кадрларды тар бағытта оқытуға, қымбат дәрі-дәрмектер мен технологияларға қомақты қаржы бөліп отыр. Алайда пациентке бағытталған қызмет көрсетуге үйретуге лайықты көңіл бөлінбейді – бұл түбегейлі өзгерістерді қажет ететін сала.

Медициналық қызметкерлерді пациентпен дұрыс қарым-қатынас жасауға, тыңдай білуге, психологиялық тұрақтылыққа үйрету үшін арнайы қаржыландыру қажет. Бұл – баяу әрі ұзақ процесс, бірақ бірнеше жылдан кейін мұндай инвестиция өз нәтижесін береді. Адам – автобус та емес, бухгалтерлік есеп те емес. Ол регламенттелген процедура алу үшін емес, көмек сұрап келеді. Егер оған шынымен көмектессе, тыңдаса, қамқорлық танытса – емдеу нәтижелері де жақсарады.

Неліктен Қазақстан тұрғындары күрделі жағдайларда шетелде емделуді жөн көреді?

Ең алдымен, отандық медицинаға сенім аз, себебі көрсетілетін қызмет сапасы төмен. Мысалы, кейде диагностика мен емдеуге арналған жабдықтарға үлкен бюджет бөлінеді, бірақ сол құралдарда жұмыс істейтін мамандар жетіспейді. Қазақстанда медицина қызметкерлері әрдайым білім алуға, кәсіби дамуға, жұмыс орнында өсуге ұмтылмайды. Өзін-өзі құрметтеу мен мамандығына деген құрмет жетіспейді, сондай-ақ қоғамда дәрігерлердің мәртебесі төмен.

Медицина – күрделі ғылым, оған ұзақ әрі тынымсыз оқып, үнемі білім жетілдіру қажет. Бірақ бұл не үшін? Дәрігерлер қаржылық та, моральдық та мотивация алып жүрген жоқ, өзінің қамқорлығы мен жанашырлығына қоғамнан алғыс пен қолдау да дұрыс көрсетілмейді.

Міне, бұл – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде қалыптасқан тұйық шеңбер. Мысалы, мейіргерлер жиі қателікке жол береді, себебі оларға қызмет көрсетуші персонал ретінде қарайды.

Басты мәселе – медицина қызметкерлерінің өз жұмысына қанағаттанбауы. Соның салдарынан кадр тұрақсыздығы болуы мүмкін, жас мамандар бұл саладан кетіп, кәсіби дамуға ұмтылмайды. Ал мүмкіндігі бар Қазақстан азаматтары шетелде емделуді жөн көреді – олар отандық денсаулық сақтау жүйесіне сенбейді. 2023 жылы шетелге емделуге кеткен адамдар саны 114 мыңға жуықтағаны туралы деректер бар.

Мұны тек медицина қызметкерлеріне деген көзқарасты өзгерту арқылы ғана түзетуге болады. Жалақыны көтерумен мәселе шешілмейді. Мемлекет тыңдай білуі керек, министрлік пен басқару жүйесінің өкілдері ауруханаларға барып, медицина қызметкерлерімен бетпе-бет кездесіп, олардың қандай қиындықтарға тап болатынын анықтауы қажет.

Әрине, негізгі шаралар пакетіне заңнаманы өзгерту де кіруі тиіс – бұл медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Дәрігер өзін мемлекет қорғайтынын сезінбесе, онда оның өз мамандығына деген құрметі де болмайды. Қоғам дәрігерден көп нәрсе күтеді, бірақ көбінесе оған қызмет көрсетуші адам ретінде қарайды.

Сондай-ақ бюджетті қайта бөлу қажет – технологиялық жабдықтауға бөлінетін қаржыны қысқартып, күрделі науқастармен жұмыс істеуді үйрететін орталықтарға, психоэмоциялық қолдау әдістеріне көбірек инвестиция салған абзал. Мұндай шаралар есепте операция саны немесе сатып алынған құрал-жабдық сияқты белгі қоюмен өлшенбейді. Бірақ бұл – мультипликативті әсер беретін қадамдар: бүгін инвестиция саламыз, ертең сау қоғам мен тиімді денсаулық сақтау жүйесін аламыз.

Шетелдік пациенттердің Қазақстанға емделуге келуі үшін не істеу керек?

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде үлкен әлеует бар. Кеңес Одағынан қалған ғылыми-зерттеу институттары, дамыған кардио- және нейрохирургия, репродуктивті медицина мен стоматология салалары – осының айғағы. Сонымен қатар, отандық медицина кәсіпкерлері мен Денсаулық сақтау министрлігі әлемдік үрдістерге сай әрекет етіп, медициналық көрмелерге қатысады, елімізде заманауи технологиялар бар.

Қазірдің өзінде, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтін азаматтар Қазақстанға емделуге келіп жатыр. Себебі бізде сұранысқа ие медициналық қызметтер бар және олардың бағасы қолжетімді, мысалы, ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру).

Алайда сенім мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, пациенттер пациентке бағытталған тәсілге үйретілмеген медицина қызметкерлерімен бетпе-бет келгенде бұл айқын сезіледі. Мемлекет қарапайым медицина қызметкерлеріне көбірек көңіл бөліп, оларды оқытуға, ақпараттандыруға ресурстар салуы қажет. Сонда ғана олар пациенттерге басқаша көзқараспен қарап, қамқорлық танытады. Ал әр адамның денсаулығы – қоғамның әл-ауқатының негізгі көрсеткіші.

Дәрігер мен жалпы медицина мамандығының беделін көтеру – ең маңызды міндет. Бұл – олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, жалақыны арттыру, қосымша жеңілдіктер ұсыну және ең бастысы – психоэмоциялық қолдау көрсету арқылы жүзеге асады. Егер мемлекет бұл бағытта жұмыс істемесе, салғырттық, кәсіби жауапсыздық пен жемқорлық жалғаса береді. Дәрігерлер қоғамда лайықты мәртебеге ие болғанда ғана пациенттер де құрмет пен қамқорлыққа ие болады. Біз – жеке медицина нарығының өкілдері де – осыған ұмтыламыз.

Раушан Жақсыбай