Жаңалықтар

Қайрат пен Пафос матчына билеттер неге қымбат

Қайрат пен Пафос матчына билеттер неге қымбат / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бүгін 14 қазан күні Алматыда өткен баспасөз конференциясында Freedom Ticketon компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелдиев UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Қайрат» – «Пафос» матчы алдындағы дайындық туралы айтып берді.

Атагелдиевтің айтуынша, билеттердің бағасын «Қайрат» футбол клубы өзі белгілейді. Ticketon тек ресми оператор қызметін атқарады, яғни билеттердің техникалық сатылым жүйесін қамтамасыз етеді.

Баға саясаты клубтың құзыретінде. Матч деңгейі мен сұраныстың жоғары болуына байланысты клуб бағаны өз стратегиясына сай қояды.

Алыпсатарлардан қорғау

Бұған дейін кей матчтарда билеттер жаппай қайта сатылғандықтан, бұл жолы Freedom SuperApp және Kairat SuperApp мобильді қосымшалары арқылы сатылым жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл жүйе бір адамның бірнеше билет сатып алуын шектеуге және нарықтағы жасанды баға өсімінің алдын алуға бағытталған.

Қауіпсіздік пен әділдік. Ticketon компаниясы жүйенің тұрақтылығын арттыру, жеке деректердің қорғалуын қамтамасыз ету және алыпсатарларды анықтау үшін жаңа цифрлық құралдарды енгізгенін айтты.

Freedom Ticketon өкілдері билеттердің қымбаттауына компания емес, клуб саясаты әсер еткенін атап өтті. Сонымен қатар, болашақта фанаттар үшін ыңғайлы әрі әділ жүйе қалыптастыруға бағытталған жаңа шешімдер енгізілетінін мәлімдеді.