Авто

Көлік неге шиқылдап, дірілдеп сыр бере бастайды

ремонт машины
Көлігіңнің «тілін» білесің бе? /Коллаж: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Кез келген жүргізуші уақыт өте келе өз көлігінің түрлі дыбыстар шығара бастағанын байқаған болар. Оның ішінде белгісіз гуіл, діріл немесе металл сыңғыры пайда болады. Темір тұлпар адам емес, бірақ оның да өзіндік тілі бар. Ол шу мен діріл арқылы «менде бір ақау бар» деген белгі береді. Мұндай белгілерді елемеу әрі «емдемеу» – үлкен шығынға алып келері анық, бұған қоса жайлылық пен қауіпсіздік жағынан да маңызды.

Шу мен гуіл – жай дыбыс емес

Кез келген қозғалтқыш пен шанақ белгілі бір дыбыс шығарады – бұл қалыпты жағдай. Бірақ тәжірибелі жүргізушілер мотордың «жұмыс ырғағын» қауіпті дыбыстан оңай ажыратады. Кенеттен пайда болған бөгде дыбыстар көбіне жүйедегі ақаудың белгісі.
Аса назар аудару қажет жағдайлар:

  • жылдамдықты ұлғайтқан кезінде күшейетін металл дыбысы;
  • жоғары жылдамдықта естілетін гул немесе уіл;
  • рульде, педальда немесе шанақта сезілетін діріл.

Егер көлігіңіз «бірқалыпты жұмыс істемей», дірілдеп немесе сілкіне бастаса, демек, ол сізге «тыңдашы» деген белгі беріп тұр.

Діріл мен шудың негізгі себептері

Біріншіден, қозғалтқыштың бірқалыпты жұмыс істемеуі. Егер қозғалтқыш бір цилиндрде жанбай қалса немесе ауа мен отын арақатынасы бұзылса, көлік дірілдейді, қозғалысы тең болмайды. Себебі көбіне шамдар, форсункалар немесе тұтандыру катушкаларына байланысты. Сарапшылар, мотор ырғағы бұзылып, жұмыс істей бастағанын күтпеңіз, шамдарды уақтылы ауыстырған жөн деп есептейді.

Екіншіден, қозғалтқыш тіректерінің тозуы. Қозғалтқышты ұстап тұратын резеңке-металл тіректер уақыт өте келе қатаяды, серпімділігін жоғалтады. Салдарынан қозғалтқыш «ойнай» бастайды да, дірілді шанаққа береді. Бірден көлік қозғалғанда немесе тоқтағанда капот астынан соққы сезіледі. Бұл негізгі белгі болып саналады.

Үшіншіден, дөңгелек пен аспа жүйесіндегі ақаулар. Егер руль сағатына 90 шақырым жылдамдықтан кейін дірілдей бастаса – мәселе көбіне дөңгелек балансына байланысты.
Бірақ себеп қисайған диск, тозған шина немесе амортизатор, шаровая болуы да мүмкін.
Сондықтан мамандар дөңгелектерді жылына кемі бір рет, әсіресе ұзақ сапар алдында тексертіп тұруға кеңес береді.

Төртіншіден, тежегіш жүйесі. Тежеген кезде руль дірілдеп, педаль «тепсе» – бұл дискілердің майысқанын көрсетеді. Мұндай белгілерге көз жұма қарауға болмайды, себебі ол қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.

Бесіншіден, беріліс қорабы мен жетектер жүйесі. Механикалық беріліс қорабында жылдамдықты ауыстыру шу, автоматта сілку байқалса, май деңгейі мен сапасын тексеру қажет.

Автокөліктің астынан шыққан қатты гул немесе металл сылдыры – дыбысты басу жүйесінің тесілуінен, резонатордың жарылуынан немесе бекіткіштердің босауынан хабар береді. Қазіргі көліктерде жиі кездесетін мәселе – катализатордың бұзылуы: оның ұяшықтары үгіліп, банка ішіндегі тастар секілді сылдырлайды.

Осындай белгілер байқалса, бірден диагностика жасаңыз – уақытылы қомақты қаражатты үнемдейді.

Ақаудың алдын алу жолдары

Ақауды алдын алуға болады. Оның бірнеше жолы бар. Мәсене, тұрақты техникалық қызмет көрсету. Қарапайым тексерудің өзі ақауларды алдын ала анықтайды.

Сонымен қатар арасында музыкамен қатар, көлік дыбыстарына да назар аударып, тыңдап тұру да артық етпейді. Қозғалтқыш дыбысы өзгерді ме, дөңгелектің гуілі күшейді ме, осының бәріне мән беріңіз.

Бұған қоса дөңгелек балансына бақылаңыз. Бұл тек түзу жүру үшін емес, қауіпсіздік пен аспаның ұзақ қызмет етуі үшін қажет.

Ең маңыздысы, қозғалтқышты таза ұстаңыз. Шаң мен тұз резеңке бөлшектерді бұзып, тот басуын тездетеді.

Қорыта айтқанда автокөлік – күрделі механизм, бірақ оның да өз «мінезі мен тілі» бар. Шу, діріл, сықыр – бәрі де бекер емес, жүргізушіге арналған ескерту. Бастысы оны дер кезінде ести білу. Өйткені кез келген ақау алдымен «сөйлейді», содан кейін ғана шығынға әкеледі.

Айта кететіні, бұған дейін британдық автокөлік сарапшылар ең мықты, сапасы уақыт тезімен тексерілген темір тұлпарлар тізімін ұсынған болатын. Онда қазақстандықтарға бұрыннан таныс Mercedes және Volkswagen сынды неміс көліктері және елімізде қазіргі кезде сұранысқа ие Hyundai, KIA сынды оңтүстік-кореялық брендтер бар.