
Бас прокурор Берік Асылов Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеруді өтінген Ринат Зайыттың депутаттық сауалына жауап берді.
«Активтерін қайтарсын»
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлім еткен. Сонымен бірге, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынғанын, барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылғанын айтқан. Зайыт бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі деректер айтылып жүргенін жеткізген. Әсіресе, атышулы «Алтын орда» базарына қатысы жиі сөз болады.
«Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтаруды, аталған қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді етуді, «Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастауды сұраймыз», – деген еді депутат.
Бас прокурор не деді
Депутаттың сауалына берген жауабында Бас прокурор Берік Асылов заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мəселелері жөніндегі комиссияның шешімі бойынша бүгінгі күні 1,3 трлн теңге көлемінде шаралар қабылданғанын хабарлады. Заң субъектілерімен жасалған келісімдерге сəйкес мемлекет пайдасына ерікті түрде шамамен 750 млрд теңге қаражат аударылып, 103 млрд теңгеге мүлік заттай түрде тапсырылған. Қайтарылған қаражат есебінен 400-ден астам əлеуметтік нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 220 сумен жабдықтау жəне коммуналдық инфрақұрылым нысаны, 177 медициналық мекеме, 14 білім беру жəне спорт нысандары бар. 68 нысанның құрылысы аяқталған (денсаулық сақтау саласында – 64, сумен жабдықтау – 3 жəне спорт – 1).
Бұдан бөлек, заң субъектілерімен жасалған келісімдер негізінде олар өз бетінше сəйкесінше 5,2 трлн теңгеге жəне 121 млрд теңгеге инвестициялық жəне əлеуметтік жобаларды іске асыруды бастаған. Аталған жобалар ұлттық экономиканың орнықты дамуына жəне азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен бірге, 112 млрд теңгеге активтерді мемлекет пайдасына мəжбүрлі түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданған.
«Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс нəтижелері заңмен қорғалатын құпияны сақтау талаптары ескеріле отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып отырады. Заң шеңберіндегі жұмыспен Сіздің сауалыңызда көрсетілген тұлға да қамтылған», – деп жауап берді Берік Асылов Ринат Зайытқа.
Бас прокурор дегенмен, заң бойынша комиссия мүшелері алынған мəліметтердің сақталуын жəне құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өткен.
«Сіз көрсеткен ақпарат активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау жəне оларды қайтару барысындағы жұмыста ескерілетін болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге жекелеген тұлғалар мен компанияларға қатысты мəлімет ұсынғаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз» – делінген жауапта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ермұрат Бапиға берген жауабында Бас прокурор Берік Асылов Нұрбол Назарбаевтың үстінен бұрын қозғалған тергеу жұмыстары қайта жанданғанын хабарлаған еді.