Health

Асқазан мен ішекті детокс жасауға арналған 10 әдіс

Сурет ЖИ арқылы жасалған, бильд-редактор: Юлия Петрова
Сурет ЖИ арқылы жасалған, бильд-редактор: Юлия Петрова

Смузи, клизма, іш жүргізетін шайлар мен дисбактериозға арналған талдаулар – шынымен біздің асқазан-ішек жолдары тазап тұруды қажет ете ме

Қазақстанда ондаған детокс-орталықтар мен СПА-клиникалар жұмыс істейді. Онда ішекті жуып-шаюды, «шлактар» мен «токсиндерді» шығаруды және жоғалған иммунитетті қалпына келтіруді уәде етеді. Дәріханалар мен интернет-дүкендерде тибет шайы сияқты шөп қоспалары, тазартатын смузилер мен биологиялық белсенді қоспалар көп сұраныста. Ағзаны «жаңартудың» әдістері сан алуан. Паразиттерді анықтайтын тестілерден бастап, оларды «жоятын» түрлі тәсілдерге дейін.

Денеге «тазалық» жасау идеясы кейде тартымды естіледі. Әсіресе ағзада зиянды заттар «жинақталып қалған» дегенге сенсеңіз. Алайда дәрігерлердің ескертуінше, сау адам ағзасында ешқандай шлак жиналмайды. Ал детокс-өнімдер – адамдарды алдап, ақша табудың тағы бір жолы ғана. Бұл мақалада асқазан мен ішекті «тазалау» әдістері неге пайдасыз ғана емес, қауіпті болуы да мүмкін екенін және бұл мүшелердің саулығын мәнінде қалай қолдау керектігін түсіндіреміз.

Бұған дейінгі материалда біз шлак пен токсиннің расында бар-жоғын талқыладық. Сондай-ақ детокс-бағдарламалардың жарнамасы бізді қалай «толықтай ластандық» деп сендіретінін және ең танымал тазарту әдістері туралы жаздық. Бұл жолы асқазан-ішек жолына қатысты жалған диагностика мен жалған емдеу тәсілдеріне тоқталамыз.

Жалған диагностика

Дисбактериоз, паразиттер және саңырауқұлақтар «іздеу»

Қазір ішек микрофлорасына арналған үйде жасалатын талдаулар трендке айналды. Олар дисбактериозды, саңырауқұлақтарды және басқа да «бұзылыстарды» анықтауға уәде береді. Нәтижесінде көп жағдайда қандай да бір «дисбаланс» тауып, «тазалаудан өтуді» ұсынады. Мысалы, «сізде кандидоз/дисбактериоз бар» деп қорытынды жасап, кофемен клизма немесе ұзақ курс пробиотик қабылдауға кеңес береді.

Ал шын мәнінде: ғылымда әлі «сау микробиомның» нақты критерийлері жоқ. Әр адамның бактерия құрамы әртүрлі. Әрі ол диета мен өмір салтына қарай күн сайын өзгеріп отырады. Қазіргі таңда ішек микрофлорасына арналған мұндай талдаулардың күнделікті медицинада дәлелденген клиникалық пайдасы жоқ. Сарапшылар мұндай тестілердің сенімсіз екенін айтады. Бір адамнан алынған екі талдау әртүрлі зертханада мүлде бөлек нәтиже көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тестілер ешқандай «жасырын паразиттерді» немесе «саңырауқұлақтарды» нақты анықтамайды. Паразиттерді іздеу үшін арнайы паразитологиялық талдаулар жасалады. Ал микробиомның жалпы анализі бұған арналмаған. Тіпті микробиом тестілерін шығаратын компаниялардың нұсқаулықтарында «тек ғылыми зерттеулерге арналған, диагностикалық мақсатта қолданылмайды» деп көрсетілген.

Өнімдерге «төзімсіздікті» анықтау

Уәде етілетіні:

Балама медицинамен айналысатын клиникалар ағза «қабылдамайтын» және жылдар бойы сізді «уландырып жүрген» ондаған өнімге IgG иммуноглобулиндеріне (IgG) қан талдауын ұсынады.

Шын мәнінде:

Тағам өнімдеріне IgG талдауы ешқандай төзімсіздік немесе аллергияны анықтамайды. IgG деңгейінің жоғары болуы – көбіне иммундық жүйенің тамақпен қалыпты кездесуі, яғни ағзаның зиян көргенін емес, тамақты танығанын көрсетеді. Белді аллергологтар қауымдастықтары IgG-панельдерін тағамға байланысты мәселелерді анықтау үшін қолдануды тікелей ұсынбайды.

Осындай тестілерге сүйеніп, ұзын тізімдегі өнімдерді диетадан шығару көп адамдарды негізсіз шектеуге итермелейді. «Бар-жоғы белгісіз шлактарды» іздетеді. Мұндай талдауларды сататын клиникалар көбіне бірден ішекті «тазалау» процедураларын ұсынады. Мысалы, гидроколонотерапия курсын немесе шөп негізіндегі іш жүргізетін препараттарды алуға үгіттейді. Олар «төзімсіз» тағамнан қалған «токсиндерді» шығарамыз деп сендіреді. Нәтижесінде адам нақты көмек орнына жай ғана қолайсыздық пен жанама әсерлерге тап болуы мүмкін.

Ағзаның «қышқылданып кеткенін» анықтау

Сізге сілекейдің немесе таңертеңгі несептің pH деңгейін өлшеуді ұсынады. Егер көрсеткіш орташадан сәл төмен болса, ағза «қышқылданып кеткен», оны шұғыл түрде «сілтілендіру қажет» дейді. Сілтілі су ішу, магниймен тюбаж жасау және тағы да басқа нәрсе ұсынады.

Шын мәнінде:

Қанның қышқыл-сілтілік тепе-теңдігі өте тар диапазонда сақталады (pH 7,35–7,45). Егер ағза шынымен «қышқылданып» кетсе, бұл өмірге қауіпті жағдай болар еді. Сілекей мен несептің pH деңгейі тамаққа байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл – қалыпты құбылыс. Бүйрек пен өкпе дәл осылай артық қышқылдар мен сілтілерді шығарып, қанның қажетті pH деңгейін сақтайды.

Несептің немесе сілекейдің pH деңгейін өлшеу қанның қышқылдығын көрсетпейді. Бұл көрсеткіштер ағзаның қалдықтарды қалай шығарып жатқанын ғана білдіреді. Мысалы, сілтілі диета несепті сілтілі етуі мүмкін. Бірақ қанның қышқылдығы өзгермейді. Бүйрек артық сілтілерді несеп арқылы шығарып жібереді. Сол себепті pH жоғарылайды.

«Сіздің ағзаңыз қышқылданып кеткен» деген пікір – псевдоғылым.

Медицина ағзаны «сілтілендірудің» қажеті жоқ деп санайды. Теңгерімді тамақтану жеткілікті. Ағза өз бетінше қышқыл-сілтілік тепе-теңдігін сақтай алады.

ДНҚ-тест арқылы ағзаның токсиндерден тазара алу қабілетін анықтау

Кей компаниялар ДНҚ-тестілерін сатып, сіздің детокс-ферменттеріңіздің қаншалықты жақсы жұмыс істейтінін «анықтап береміз» деп уәде етеді. Кейін нәтижемен қорқытады.  «Сізде бауыр ферменттерінің белсенділігі төмен, сондықтан токсиндер жиналады» дегендей. Клиентке бір айлық «детокс-пакет» сатады — смузи, ББҚ-лар, витаминдер және бауырды «қолдау үшін» делінеді.

Шын мәнінде:

Адамдарда шынымен метаболизм гендерінің әртүрлі нұсқалары бар. Бірақ мұндай ДНҚ-тестілердің басым көпшілігінің клиникалық пайдасы дәлелденбеген. Басқаша айтқанда, генетикалық «детокс-тестілер» – маркетингтен басқа ештеңе емес. Генге қарай бауырды биологиялық белсенді қоспалармен «нығайтудың» ғылыми дәлелі жоқ.

Жалған емдеу

Кофемен клизма: бауырды ішек арқылы «ынталандыру»

Балама медицинада жылы кофемен клизма жасау кең таралған. Мұндай процедура кофеин тік ішек арқылы түскенде өт жолдарын кеңейтеді, бауырды токсиндерден тазартады, сондай-ақ іш қатуды және тіпті қатерлі ісіктерді емдеуге көмектеседі деп айтылады.

Шындық:

Кофейлі клизманың бауырдың жұмысын күшейтетін нақты әсері бар деген сенімді ғылыми дәлелдер жоқ. Оның орнына айтарлықтай қауіптері бар. Кофе – шырышты қабықты тітіркендіретін зат. Кофейлі клизманы жиі қолдану колитке (тоқ ішектің қабынуы), проктитке (тік ішектің қабынуы) және шырыштының күйіп қалуына әкелуі мүмкін. Мысалы, қан аралас нәжіс болған жағдайлар тіркелген. Тіпті, өліммен аяқталған оқиғалар да бар. Кем дегенде үш адам кофейлі клизманың салдарынан қайтыс болған.

Сорбит немесе магнезиямен тюбаж: өт жолдарын «ашып», тастарды «шығару»

Тюбаж – аш қарынға сорбит немесе магний сульфатының ерітіндісін ішіп, кейін оң жақ бүйірге жылытқыш қойып жату деп түсіндіріледі. Альтернативті емдеушілер бұл әдіс өт қабы мен өт жолдарын ашып, тоқыраған өтті және бауырдағы «токсиндерді» шығарады деп сендіреді.

Шындық:
Сорбит те, магний де – іш жүргізетін заттар. Оларды ішкеннен кейін ішекке су тартылып, адамда жай ғана мол сұйық нәжіс болады. Өт қабы шынымен жиырылуы мүмкін. Бірақ бұл кез келген майлы тағамнан кейін болатын қалыпты физиологиялық реакция. Өт ас қорыту кезінде үнемі бөлініп отырады. Ал ешқандай ерекше «шлактарды» тюбаж шығармайды.

Ғылыми деректерге сүйенсек, бауырды «зәйтүн майымен», сорбитпен немесе магнезиямен тазарту әдістерінің тиімділігі дәлелденбеген. Бұл әдістердің ешқайсысы өттегі нақты тастарды ерітпейді. Ірі тастар тек хирургиялық жолмен немесе арнайы препараттармен алынады. Ал ұсақ түзілімдер өздігінен кетуі мүмкін. Мұндайда операция да, дәрі-дәрмек те қажет емес. Олар тек симптомдар немесе асқынулар пайда болғанда емделеді.

Дәрігерлер тюбаждың орнына өттің саулығы үшін тұрақты, теңгерімді тамақтануды, жеткілікті мөлшерде жасұнық тұтынуды және физикалық белсенділікті ұсынады. Бұл өттің тоқырауын әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз түрде алдын алады.

Қауіптері

Екі апталық магнезия курсын натуропат «бауырды тазарту» үшін тағайындағаннан кейін, пациенттің бауыры қатты зақымданған жағдай тіркелген. Сондай-ақ өте қатты диарея, сусыздану, жүрек ритмінің бұзылуы және бүйректің зақымдануы сияқты жағдайлар белгілі.

Шөпті іш жүргізгіштер: «жұмсақ тазарту» жүргізу

Ішекті «тазартуға» арналған түрлі шайлар мен шөп қоспалары көбіне сенна жапырақтары, крушина қабығы, жостер жемістері және басқа да өсімдіктерді қамтиды. Олар «ішек қабырғаларын шлактардан тазартады» және тіпті салмақ түсіреді деп жарнамаланады.

Шындық:

Антрагликозидтері бар құралдар (сенна, крушина) ішек перистальтикасын күшейтіп, іш жүргізеді. Десе де, сонымен бірге ішектен су мен электролиттерді шығарады. Салмақ тек сусыздану мен ішектің босауынан кемиді. Май кетпейді. Бұл құралдар ішек қабырғаларын «жумайды». Тек ішек мазмұнының өтуін жылдамдатады.

Сілтілі су: ағзаның «қышқылдануына» қарсы күрес

pH көрсеткіші жоғары (8–10) сулар қышқылдарды нейтралдайды және «қышқылдануды» жояды деп саналады.

Шындық:

Жоғарыда айтылғандай, қанның pH деңгейін ағза өте қатаң реттейді. Суды ішкенде ағза жүйелі түрде «сілтіленбейді». Ттек зәрдің pH өзгереді. Өйткені бүйрек артық сілтіні шығарады. Сілтілі су ауруларды емдейді немесе «токсиндерді шығарады» дегенді растайтын сапалы дәлелдер жоқ.

Детокс-смузи мен энтеросорбенттер: «улы заттарды шығару»

Детокс атауымен сатылатын коктейльдер, таблеткалар, шайлар – үлкен индустрия. Олар көбіне өсімдік ұнтақтарының қоспасы, жасұнық, көмір/балшық (энтеросорбенттер) немесе жай ғана төмен калориялы тағам алмастырғыштардан тұрады. Жарнама уәжі –«токсиндерді ішектен және қаннан байланыстырып, шығарады». Бұл өнімдерді апталап курс ретінде, кейде кәдімгі тағамның орнына ұсынады.

Шындық:

Детокс өнімдерінің токсиндерді шығаратынына немесе ұзақмерзімді салмақ азайтуға көмектесетініне сенімді дәлелдер жоқ. Бұл өнімдердің ешқайсысының «сиқырлы» таңдамалы әсері жоқ.

Белсендірілген көмір шынымен асқазан-ішек жолындағы көптеген химиялық заттарды байланыстыра алады. Алайда ол тұрмыста тек тағамдық улану кезінде пайдалы. Күн сайын «детокс үшін» көмір ішудің еш мағынасы жоқ. Ол витаминдер мен қоректік заттарды да сорбциялап, олардың тапшылығына әкелуі мүмкін.

Жасұнық қосылған жеміс-көкөніс смузилері ішектің жұмысына көмектесуі мүмкін. Бірақ дәл сондай әсерді қарапайым көкөніс салаты да береді.

Арнайы детокс-коктейльдер қымбат тұрады және ешқандай ерекше әсер бермейді. Нәтижесі кәдімгі дұрыс тамақтанудан артық емес. Әдетте мұндай курстардан кейін тек қысқа мерзімді салмақ жоғалту байқалады. Ол да калория мен сұйықтықты азайтудан ғана болады. «Уыттарды шығару» есебінен емес.

Детокс-қоспалар дәрі-дәрмек сияқты қатаң тексерілмейді. Олардың нақты құрамында не бар екені белгісіз. Қаптамада көрсетілген құрам шынайы мазмұннан өзгеше болуы мүмкін.

Озонотерапия: токсиндерді «күйдіру»

Кішкентай бонус: бұл әдісті тек асқазан-ішек жолын тазартуға ғана емес, жалпы детокс-процедура ретінде ұсынады.

Озонды (O₃) ағзаға енгізу – детокстың тағы бір жалған ғылыми әдісі. Озонотерапияны жақтаушылар озон «токсиндер мен микробтарды күйдіреді», қанды оттегімен байытады, жасартатын әсер береді деп сендіреді. Озон әртүрлі жолмен қолданылады. Қанды озонмен араластырып қайта көктамырға енгізу, озонды клизмалар, бұлшықетке инъекциялар, озон толтырылған барокамерада дем алу және тағысын тағылар. Айтуларынша, бұл қаннан барлық зиянды заттарды – алкоголь токсиндерінен бастап вирустарға дейін – тазартады.

Шындық: озон – улы газ және өте күшті тотықтырғыш. Оны беттерді немесе суды дезинфекциялау үшін қолдануға болады. Бірақ ағзаға енгізілгенде ол бірден химиялық реакцияларға түседі. Қанға түскен озон қанның компоненттерімен лезде әрекеттеседі. Яғни сіз ағзада бақыланатын тотығу стрессін әдейі тудырып отырсыз. Озонотерапияның қандай да бір созылмалы ауруларға пайдасы бар екенін дәлелдейтін сенімді зерттеулер жоқ. Деректер қайшылықты және сапасы төмен.

Қауіптері өте ауыр. Озон сұйықтықта нашар ериді. Сондықтан көктамырға енгізілгенде ауа көпіршіктерін түзуі мүмкін. Мұндай көпіршіктер эмболияға (тамырдың ауа арқылы бітелуі) әкеліп, инсульт немесе инфаркт қаупін тудырады. Мысалы, 36 жастағы дені сау әйелге көктамыр ішіне озон енгізудің салдарынан ишемиялық инфаркт және когнитивті бұзылыстар дамыған жағдай тіркелген.

Ал органдарға қандай көмек керек?

Адам ағзасы – бітеліп қалған құбыр емес, өз-өзін реттей алатын жүйе. Бауыр ағзаға түскен бөтен заттарды зиянсыздандырып, оларды өт арқылы немесе қан арқылы бүйрекке бағыттайды. Бүйрек қанды сүзеді және еріген қалдықтарды зәрмен шығарады. Ішек күн сайын қатты қалдықтарды нәжіспен шығарып отырады. Оның микрофлорасы мен перистальтикасы ішкі «тазалаушылар» қызметін атқарады. «Шлактар» туралы түсініктің ғылыми негізі жоқ. Өндірістік улану немесе аурулардан басқа жағдайларда ағзада ештеңе қауіпті мөлшерде жиналмайды. Сондықтан детокс индустриялары адамның «тазаланып, жаңарғысы» келетін психологиялық қалауына көбірек сүйенеді. Ал ағзаның физиологиясында мұндай қажеттілік жоқ.

Егер сіздің органдарыңыз сау болса, оларға сыртқы «тазалық» керек емес. Ал егер белгілі бір органда нақты проблема болса, оған дәлелді, нақты ем керек, жалпылама «тазарту» әдістері емес.

Ағзаға шынымен көмектесетін ең дұрыс амал – оның табиғи тазарту жүйелеріне қолдау көрсету. Не расымен жұмыс істейді:

бауыр мен ішектің жұмысына қажет әртүрлі және теңгерілген тамақтану;

жеткілікті су ішу;

алкоголь мен темекіні шектеу – детокс жүйелерін артық жүктемеу үшін;

физикалық белсенділік;

сапалы түнгі ұйқы.

Осы қарапайым әдеттер бауырдың, бүйректің, ішектің жұмысын кез келген клизма немесе биологиялық белсенді қоспалардан әлдеқайда тиімді жақсартады. Біздің органдар детоксикацияны өздері-ақ атқарады. Тек оларға кедергі келтірмей, жалған процедуралармен зиян тигізбеу керек.