Жаңалықтар

2025 жылы қоғамда резонанс туғызған атышулы 15 іс

Биыл бірқатар шулы сот процесі болды/коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы елде бірқатар шулы сот процесі болды. Арасында Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісі, әйелін бірнеше жыл қинап келген дипломат Сәкен Мамаш пен қайырымдылыққа жиналған қаражатты өз қажетіне жұмсаған Перизат Қайраттың соты бар.

Биыл болған сот отырыстары туралы толығырақ KursivMedia шолуынан оқыңыз.

Қаңтар ісінен кейін қамалған 44 адам сотталды

Жыл басында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған «Дикий Арман» мен тағы 43 адам сотталды.

«Дикий Арман» лақапатымен танымал Арман Жұмагелдиев 20 жылға, бұрынғы депутат Қайрат Құдайберген 8 жылға, ҰҚК полковнигі болған Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Олар бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстады деп айыпталды. Бас прокуратура мәліметінше, Жұмагелдиев 24 адамды ұрлап, Алматыдағы Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Ал 6 қаңтарда «Қазақстан» қонақүйіне келген жақтастарына Glock және Макаров тапаншаларын таратқан.

Жақында ғана түрмеде отырған Жұмагелдиев адам құқығы жөніндегі ұйым, БҰҰ, Еуропалық парламент және басқа да халықаралық ұйымдардан Қазақстанда болып жатқан жағдайға назар аударуын сұрады.

Шерзат Полат ісі

Қазақстандықтарды дүр сілкіндірген жағдайдың бірі – Талғардағы жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы. Ол 2024 жылы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні қайтыс болды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін шу шықты. Ол жерде бір топ ер адам жасөспірімді ұрып-соққан.

Шерзатты өлтіргендерге үкім шықты! Убийцам Шерзата Полата озвучили приговор

Оқиға орнында оннан аса адам болған. Алайда қылмыстық іс тоғыз адамға қозғалды. Екі әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Сот процесі сәуірде басталып, Жоғарғы соттың YouTube каналында тікелей эфирде көрсетілді.

Сот үкімімен тоғыз адам 23 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Ішінде 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған мектеп оқушысы бірнеше айдан кейін бостандыққа шықты.

Экс-дипломат әйелін қинаған

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаш 6 жылға сотталды.

Әйелі Карина Мамаш 2024 жылдың мамырында видео жариялап, 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін мәлімдеген. Содан кейін дипломат елге шұғыл түрде шақырылды. Біраз уақыттан кейін үстінен іс қозғалды.

Екеуі 2014 жылы үйленген, екі баласы бар. Сол уақыттан бастап Карина Мамаш үй шаруасымен айналысқан. Сәкен Мамаштың туыстыры Карина ай сайын республикалық бюджеттен 1 400 АҚШ доллар жәрдемақы алып отырғанын айтты.

46 кеншінің қазасы

2023 жылдың 28 қазанында Қарағандыдағы «Костенко» шахтасында көмір өндіру барысында метан газ қоспасы жанды. Өрт басталған кезде шахтада 252 адам болған. Апат салдарынан 46 кенші қаза тапты, 26 кенші жарақат алды.

Содан кейін шахта директоры мен орынбасарына, шахтаның бас инженері, учаске бастығына қылмыстық іс қозғалды. Жалпы он адам 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Алты жыл бұрынғы ұшақ апаты

Алматы маңында 2019 жылдың желтоқсанында Bek Air ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шекті. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.

Как Казахстан справился с вызовами после авиакатастрофы Bek Air?

Ұшқыш Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапты. Ал екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов бірнеше айдан кейін үйінде қайтыс болды.

Тергеу бес жылға созылды. Сот үкімімен апатқа марқұм екі ұшқыш Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұлов кінәлі деп танылды. Олар өмірден өтіп кеткендіктен, екеуіне де жаза тағайындалмады.

Перизат Қайрат 10 жылға сотталды

Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 қорының жетекшісі Перизат Қайрат 10 жылға сотталды.

Ол қайырымдылыққа жиналған 3,5 млрд теңгені иемденді деп айыпталды. Желіде бірнеше тұрғын үйі мен көліктері, түрлі бренд киімдері көрсетілген Перизат Қайраттың «тағдыры» небәрі 16 күн ішінде шешілді. Бастапқыда ашық өтеді делінген істе шектеу көп болды.

Перизат Қайрат су тасқынына жиналған қаражатты жымқырудан бөлек Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражатты иемденіп алған.

Қылмыстық істе Перизат Қайратпен қатар оның анасы Ғайни Алашбаева бар. Анасы 7 жылға сотталды. Сондай-ақ істегі 50 жәбірленушіге екеуі 1 млрд 582 млн 649 мың теңге қайтаруға міндетті.

«Хуторлық» Хасан

Шерзат Полаттың қазасынан кейін аты жиі атала бастаған Хасан Қасымбаев та істі болды. Оның Талғардағы «Хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы бары айтылды.

Қасымбаев адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, қорқытып алу әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды.

Үш жастағы бүлдіршіннің қазасы

2024 жылдың 30 қазанында Астанадағы Dental Park Ortho стоматологиясында үш жастағы қыз қайтыс болды.

Бүлдіршіннің 9-11 тісін емдеу үшін «Севоран» наркозы салынған. Алайда қыз «ұйықтап» жатқан кезде жоспар өзгеріп, 18 тісін емдеген. Содан кейін қыз оянбай қалған.

Содан кейін ресейлік анестезиолог Аида Жұмағалиеваға қылмыстық іс қозғалды. Сотталушы іс барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Сот үкімімен Жұмағалиева екі жылға сотталды, алайда рақымшылыққа ілігіп, қамалмайтын болды.

Бишімбаевтар туысымен соттасып жатыр

24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы туыстарымен соттасып жатыр.

Дау Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот өтіп жатқан кезде басталған. Алыс туысы Бекзат Кемелова Бишімбаевтың отбасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексеріп жатқанына сендіріп, анасынан қолма қол 990 мың доллар алған. Содан кейін ақшаны қайтармай қойған.

Уәлихан Бишімбаев бұл туралы бірнеше айдан кейін білген.

Бұған дейін Бишімбаевтар Қайрат Кемелов есімді туысымен соттасып, азаматтық істе жеңіп шыққан.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Яна Легкодимованы өлтіргендер өмір бойына сотталды

Атырауда 2024 жылы жасалған аса ауыр қылмыс ашылып, 23 жастағы бойжеткенді өлтіргендер өмір бойына сотталды.

Қайғылы жағдай 2024 жылдың 18 қазанында болған. Яна Легкодимова танысының қоңырауынан кейін үйінен шыққан. Тіпті сырт киімін де алмаған. Қызды көлікке отырғаннан кейін ешкім көрмеген.

Анасы іссапардан келгеннен кейін бірден дабыл қағып, тергеу барысында полиция қыздың күнделігін тапқан. Ол жерде Р. есімді жігіттің аты аталған. Сол арқылы 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Қамитовті тапты.

Дело Яны Легкодимовой: редкие кадры, эксклюзивные интервью и свидетельства

Ризуан Янаны көлік ішінде буындырған. Ал Алтынбек қыз қашып кетпеуі үшін есікті ұстап тұрған. Кейіннен олар Талдыкөл ауылына қарай барып, қыздың мәйітін Жайыққа тастаған.

Сотталғандардың екеуара әңгімесінен олардың қылмысты алдын ала жоспарлағаны байқалады.

«Атпен сүйреп өлтірді»

Жетісу облысында тағы бір шулы іс қаралып жатыр. Бастапқыда 32 жастағы Айзат Жұманованы күйеуі атпен сүйреп өлтірді деп айтылды. Тергеу дерегінше, ер адам мас болып келіп, әйелін ұрып-соққан. Оқиғаның бәрі ерлі-зайыптының екі жастағы қызының көзінше болған.

Сот барысында Айзат Жұманованың ауруханадағы видеосы жарияланды. Видеодан әйел қимыл-қозғалыссыз отырғанын байқауға болады. Жанында бір ер адам мен әйел кісі болған. Олар арбада отырған Айзат Жұманованы палатаға кіргізген, содан кейін шығып кеткен.

Артынша Айзатты ұрып-соққан күйеуі Айбар Жанболат (қылмыстық істегі сотталушы) келіп, маңдайынан сүйген.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Торт дауы

Желідегі жазба сотқа жеткен істің бірі – кондитер Нұршат Ақбергенова мен құрақшы Аселина Батыр арасындағы торт дауы.

Кондитер құрақ көрпе түріндегі тортты 600 мың теңгеге бағалаған, алайда блогер бағаны асыра сілтеу деп, көрсетілген соманы төлеуден бас тартқан. Артынша құрақшыны «алаяқ» деп атаған.

Кондитер төрт үшін төленбеген 500 мың теңгені және моральдық зиян ретінде 3 000 000 теңге көлемінде өтемақы өндіруді сұрап, сотқа жүгінді.

Азаматтық іс нәтижесінде Батырбекова кондитерге торттың қалған құны ретінде 200 мың теңге, моральдық зиян ретінде 100 мың теңге төлейтін болды.

Блогерлердің басы дауға қалды

Астанадағы әкімшілік сотта ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс те қаралды.

18-21 тамыз аралығында Instagram-да @Zhanabylov_e және @elt6i аккаунты арқылы блогерлер 10 автокөлік ойнататынын жариялады. Алайда тікелей эфирдің орнына қолданушыларға Zhana Business атты ақылы оқу курсының сілтемесі ұсынылған. Курс құны – 30 мың теңге. Ұтысқа қатысу үшін осы курсты сатып алу қажет болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.

Туризм және спорт министрлігі тарабынан тексеріс жүргізіліп, іс сотта қаралды. Алайда блогерлер өз әрекетінде ешқандай құқықбұзушылық жоқ екенін айтты. Нәтижесінде әкімшілік іс тоқтатылып, блогерлерге қылмыстық іс қозғалды.

«Алания» күзетшілері сотталды

Астанада «Алания» клубының күзетшілері келушілердің бірін ұрып-соққан. Оқиға 2025 жылдың 16 ақпанынан 17 ақпанына қараған түні болған. Соққыдан Азат Қабыкенов бірнеше айдан кейін аурухана төсегінде қайтыс болды.

Басты сотталушы Фархат Тілектес 8 жылға, Дмитрий Тороп 9 жылға сотталды. Сағыныш Жарылқап, Расул Тохтибакиев, Әділхан Төлеш, Жандос Януш бұзақылық жасап, адам денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Әскеридің қазасы

Жаркентте әскери Дархан Дәулетті өлтіргендер 10 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Арасында үш сарбаз бен бір майор бар.

Дәулет 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. Сағат 23:30-да Дархан Дәулет сарбаздарды тексерген, содан шығып келе жатқан кезде оны 3 сарбаз ұстаған.

Олар алдын ала спорт киімін киіп, дайындалған. Қолдарында арқан болған. Дарханға жабылып, аяқ-қолын арқанға байлаған. Бірі былғары қолғабын шешіп, Дархан Дәулеттің аузына тыққан.

Сот үкімі 2025 жылдың 24 шілдесінде шықты. Майор Дархан Қазтай түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол майор шенінен айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сарбаз Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 12 жылға, Нұрман Әбсадық 10 жылға бас бостандығынан айырылды.