Жаңалықтар

Заңгер Ринат Равхат белгісіз жағдайда қайтыс болды

Саяси күрескер Ринат Равхат белгісіз жағдайда қайтыс болды / Фото: Ринат Равхаттың Фейсбук парақшасынан

43 жасына қараған шағында Ринат Равхат атымен белгілі белсенді әрі заңгер Ринат Исағалиев қайтыс болды деген хабар тарады. Фейсбук желісіндегі ақпаратқа сүйенсек, ол 23 желтоқсанда белгісіз жағдайда қайтыс болған.

Желі қолданушылары онің мезгілсіз қазасына байланысты туыстарына көңіл айтып, заңгермен танысқан кездерін еске алып жазуда.

Айта кетейік, Ринат Исағалиев 2017 жылы «Қазақстанның жерін жалға беруге қатысты» дау пайда болғанда Атыраудағы алаңға шығып, қарсылық білдірген азаматтардың қатарында болған. Кейіннен Алматыға көшіп келіп, саяси-қоғамдық істерге атсалысқан. Қаңтар оқиғасынан кейін сот процесстеріне белсене қатысқан еді. Соңғы жылдары елдегі Адам құқықтары мәселесіне қатысты пікір білдіріп келген.

Желідегі ақпаратқа сүйенсек, Исағалиевпен қоштасу Атырау облысы Құрманғазы ауданы Хиуаз ауылында өтеді. 24 желтоқсанда қонақ асы болып, 25 желтоқсанда жаназа намазы шығарылады.