Жаңалықтар

Ерлан Қошанов аудан әкімдеріне бизнесті дамыту бойынша KPI енгізуді ұсынды

Фото: mazhilis_kz

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кәсіпкерлікті дамыту бойынша аудандық әкімдіктерге KPI енгізуді ұсынды.

Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты Жоғары аудиторлық палатаның есебінен кейін, Мәжіліс спикері бірқатар ұсыныс айтты. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде бизнесті дамыту міндеті көбіне нақты көрсетілмей қалып жатады.

«Шағын және орта бизнестен түсетін бірқатар салық түсімдерінің жергілікті деңгейге берілуін ескере отырып, кәсіпкерлікті сапалы дамытуға әкімдердің жауапкершілігі артуы тиіс. Осыған байланысты, тек облыстық емес, аудандық деңгейдегі әкімдіктер үшін де кәсіпкерлікті дамыту мен өсіруге арналған жеке KPI белгілеген орынды деп санаймын», – деді Қошанов.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов қолданыстағы барлық қолдау шараларына кешенді ревизия жүргізуді ұсынды.

«Депутаттар мен үкімет бірлесіп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметін тиімді ету және олардың кәсіпкерлікті дамытудағы рөлін күшейту бойынша заңнамалық реттеу шараларын қарастыруы керек. Кәсіпкерліктің тиімді дамуына кедергі келтіретін ережелер, тосқауылдар мен әкімшілік жүктемелерге тексеру жүргізу қажет. Бүгінгі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар айтқан барлық ұсынысты Үкімет ескеруі тиіс. Бұл мәселеге біз әлі ораламыз«, – деп түйіндеді Мәжіліс төрағасы.

Мәжіліс отырысында Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету жүйесінде жүздеген миллиард теңгеге бұзушылықтарды мәлім еткен болатын.