
Мәжіліс депутаттары креативті индустрияны қолдау және дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.
Қорытындыда заң жобасының креативті қызметті жүзеге асыру тәртібін одан әрі реттеуге бағытталғаны көрсетілген. «Креативті индустрия қызметкері» және «креативті индустрия субъектілерінің тізілімі» деген ұғымдар енгізіліп отыр.
«Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті индустриялар саласындағы жобаларға жеке инвестициялар тартуды мониторингтеуді жүзеге асыру бойынша өкілеттіктер белгіленді. Әкімдіктерге креативті индустриядағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы дарындарды дамытуға және өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау құзыреті берілді. Шығармашылық еркіндік пен кәсіби дамуды қамтамасыз ету мақсатында креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтарын қорғау нормалары көзделген. Креативті қызмет жобаларына арналған зияткерлік меншік және креативті индустрияны қолдау қоры бойынша нормалар басқа заңдармен реттелетіндіктен, бұл мәселелерге қатысты өзгерістер заң жобасынан алынып тасталды», – делінген құжатта.
Заң аясында Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті сектор жобаларына жеке инвестициялар тартылуын мониторингтеу және бағалау өкілеттігі беріледі. Ал әкімдіктерге дарынды жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, соның ішінде креативті индустриядағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы қолдау міндеті жүктеледі. Сондай-ақ жастарды осы салаға тарту жөніндегі мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары айқындалған.
Шығармашылық және кәсіби еркіндікті кеңейту мақсатында креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтарын қорғау нормалары қарастырылған.
Бұдан бөлек, шетелдік әртістердің қатысуымен мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырушылардың қызметі регламенттеледі және киноөндіріске шығарылатын фильмдерге прокат куәліктерін беру тәртібі жаңартылады.
Еске салайық, Қазақстанда креативті индустрия қоры құрылмақ. Оның капиталы 40 миллион долларды құрайды. Қор кино, дизайн, цифрлық контент және ойын индустриясы сияқты салалардағы жобаларды қаржыландырып, шығармашылық бизнесті қолдауға бағытталады.