
25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясына тиесілі жолаушы ұшағының Ақтау қаласына жақын маңға құлағанына бір жыл толды. Әзербайжан ұшақ апатынан қаза тапқан 38 адамды еске алды.
Президент Ильхам Әлиев X әлеуметтік желісіндегі парағына үнсіз жазба жариялады. Ұшақ пен қара лента бейнеленген сурет оның бір жыл бұрынғы оқиғаны елеусіз қалдырмағанын білдереді. Елдің вице-президенті әрі бірінші ханымы Мехрибан Әлиева да осыған ұқсас суретті Instagram-дағы парағына жүктеді.
Бұл уақытта премьер-министр Әли Асадов бастаған бір топ шенеунік Құрмет аллеясына барды. Мұнда апаттан қаза тапқан халық батырлары Хокуме Әлиева, Игорь Кшнякин және Александр Калянинов жерленген. Бұл туралы жергілікті Report ақпарат агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, премьер Асадов бүгін Қазақстан үкіметінің басшысы Олжас Бектеновпен телефон арқылы сөйлескен. Олар қайғылы оқиғаға бір жыл толуына орай көңіл айтқан.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшқан жолаушы ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерге құлады. Алдын ала мәлімет бойынша, бортында 67 адам бар ұшақ Грозный әуежайына қонуға беттеген сәтте Ресейдің «Панцирь-С» зымыран кешенімен атқыланған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам жараланды.