Жаңалықтар

Ғылымға бөлінген қаржы 10 есе өсті, бірақ нәтиже жоқ – саясаттанушы

Фото: Видео кадры

Саясаттанушы Марат Шибұтов Ұлттық құрылтайда ғылымды қаржыландыру мәселесін көтеріп, мемлекеттік тапсырыс тетігін өзгертуді ұсынды.

Оның айтуынша, соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 10 есе артып, 23 млрд теңгеден 250 млрд теңгеге дейін жеткен. Алайда бөлінген қаражатқа қарамастан, нақты жаңашылдық байқалмай отыр.

«Біз бірақ осынша ақша бөлінгенімен, жаңашылдықты көріп отырған жоқпыз. Сол үшін ғылымға мемлекеттік тапсырысты өзгерту керек. Монографияларды көбейтіп, нәтижеге жету керек. Бұл бағытта ПӘ алдында комиссия құруды ұсынамын. Комиссияның жұмысын тиімді ете алсақ»,  –  дейді ол.

Шибұтов ғылым саласында нәтижеге қол жеткізу үшін монографиялар мен ғылыми өнім көлемін арттырып, бұл бағытта Президент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құру қажет екенін айтты.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың 5-съезі ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық ететін жиында саяси реформалар, соның ішінде бір палаталы парламент құру мәселесі сөз болады.