
2025 жылдың қортындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ атамекеніне оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 164,8 мың этникалық қазақ көшіп келген.
Қазақстанға келген қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 44,1% – Қытай Халық Республикасынан, 4%-ы – Түрікменстаннан, 3%-ы – Моңғолиядан, 2,5%-ы – Ресейден және 1,9%-ы басқа елдерден келген.
«2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 34%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы жоғары білімді, 27,5%-ы орта кәсіби білімді, 51,2%-ы жалпы орта білімді, және 6,3%-ы білімі жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды»,– делінген хабарламада.
Қандастар үшін қанша квота бөлінді
Қандастарды Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облысы сияқты еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстандырылды.
Қоныстандыру өңірлерінде биыл қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамға бөлінген болатын. Бұл 2025 жылға бекітілген квотаға сәйкес келеді.
Тарихи отанына оралған қандастарға қанша ақша берілді
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде қаржылай көмек беріледі. Бұдан бөлек тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК мөлшерінде қолдау көрсетіледі.
Жыл бойы 1834 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Оның ішінде 428 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Еске салайық, Қазақстанда қандас мәртебесін беру және ұзарту қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді өтініш беру процесі әлдеқайда жеңілдеді. Ведомствоның 2025 жылғы 10 қазандағы бұйрығына сәйкес, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту туралы өтінішті Бірыңғай көші-қон қызметтері порталы арқылы беруге болады