Жаңалықтар

Исатай ауданында мал қырылып жатыр

Фото: azh.kz

Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқалы ауылдық округінің жайылымдарын қаңтарда жауған жаңбырдан кейін қалың мұз басқан. Жылқы малы тебіндеп шөпке жете алмай, қыстақта қырылып жатыр. Бұл туралы KursivMedia «Ақ Жайық» басылымына сілтемемен хабарлайды.

Мал иелерінің айтуынша, мал аурудан емес, аштан өліп жатыр. «Ақ Жайық» газетінің тілшісі қыстақтарға барып, шаруашылықтардың қандай күйге түскенін өз көзімен көрген. Округтің биік тұстарында қар біркелкі түскен, қалың емес. Ал ойпаң жерлерде, дала жолдарында қар қатып, жолды мүлде жапқан. Қыс басталғалы ауа райы күрт өзгеріп, 15 қаңтарда жауған жаңбыр жайылымдарды толықтай көк мұзға айналдырған. Даланы қалың мұз басқан.

Қырылған мал

Жыл бойы еркін жайылатын жылқы осылай азықсыз қалған. Олар мұзды бұзып жарып, шөпке жете алмайды. Әлсіреген мал мұзға тайып құлап, биелер ішіндегі құлындарын тастап жатыр. Шаруашылықтар табындарды шұғыл түрде қолда бағуға мәжбүр болған.

«Жазда да жаңбыр аз болып, жайылым жұтаң болды. Енді сол аз ғана шөпке де жылқылар жете алмай отыр. Мал қырылуда. Көпшілігі мұздың үстінде тайып құлап, тұра алмай қалады. Жағдай өте ауыр», – дейді фермерлер.

«Ибраимов Қадіржан» шаруа қожалығының мүшесі Нысанбек Ибраимов Нарын каналының арнасында қырылған жылқыларды көрсеткен. Сол жерде бүтін бір табын қалып қойған.

«Жылқылар көз алдымызда өліп жатыр. Аурудан емес, аштан. Бұрын мұндай болмаған. 90 жастағы әкемнің айтуынша, осындай жағдай 1997 жылы болған екен. Қыста жаңбыр жауып, кейін бәрі мұз болып қатып, жылқылар жаппай қырылған. Қазір де сол жағдай қайталанып отыр. Тек өзімнің екі табынымнан оннан аса жылқы өлді. Тағы бір табын каналдың ішінде қалды. Әлсіреген мал азық іздеп қамысқа кіріп, қайта шыға алмай қалған. Ол жердегі қамыстар адам бойынан биік, – дейді ол.

Ибраимовтың айтуынша, қазір бір орама шөп Батыс Қазақстан облысынан 15-16 мың теңгеге жеткізіледі. Ал жем-шөп сатып алуға қаржы қалмаған.

Неге субсидия бөлінбеді

2024 жылғы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережелеріне сәйкес, жем-шөп шығындарын субсидиялау тек төтенше жағдай немесе гидрометеорологиялық қызмет растаған аномалиялық ауа райы кезінде ғана берілуі мүмкін.

Сонымен қатар субсидия жергілікті бюджетте қаржы болған жағдайда немесе басқа бағдарламалардан қайта бөлінгенде ғана беріледі. Осыны негізге алған Атырау облысы әкімдігі екі жыл бұрын субсидия бөлуді тоқтатқан.

KursivMedia тілшісі осы мәселе бойынша Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Жауап келген кезде жарияланады.