Жаңалықтар

Алматыда 13 жастағы жасөспірім өзіне қол жұмсады

фото: shutterstock

Алматы облысының Самсы ауылында 13 жастағы жасөспірім өзіне қол жұмсады. Оның анасы Мақпал Әміртаеваның сөзінше, мектепте балаға қысым жасалған болуы мүмкін. Қайғылы оқиға былтыр қарашада болған, бірақ тек қазір ғана көпшілікке жарияланды.

Марқұм Нұрисламның анасы КТК арнасына берген сұхбатында, баласы мектепте сыныптастарымен төбелесіп қалғанын айтады. Жасөспірімдер жұдырықтасып жатқанын басқа оқушылар телефонға түсіріп, чаттарға таратып жіберген. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі баланы «төбелескенің үшін колонияға барасың, ата-анаңды жауапқа тартамыз» деп қорқытқан көрінеді. Нұрислам мұны қатты ауыр қабылдап, тым тұйықталып кетеді.

Қайғылы оқиға болатын күні ол әдеттегідей мектепке барғанда полицей көлігін көреді. Байқап қалған соң, қорқып маңайдағы сарайға қашып тығылады. Анасы оның денесін сол сарайдан тауып алады. Сол күні полицейлердің мектепке нақты не себеппен келгені белгісіз.

Мектеп әкімшілігі балалар арасында төбелес болғанын жасырмайды, бірақ ол жағдай суицидке еш қатысы жоқ деген көзқараста. Білім ордасының директоры басқа пікір білдіруден бас тартты.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын жеткізді.

Осыған дейін Алматыдағы жекеменшік мектепте өзіне қол салмақ болған жасөспірімнің оқиғасын жазған едік. Оның әкесінің сөзінше, сыныптастары оқушыға буллинг жасаған.