
Орыс православ шіркеуі (ОПШ) ұйымының бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов ұсталды.
Иаков Воронцов Қазақстанда Ресей православ шіркеуінен бөлек дербес православ шіркеуін құруға талпынысы үшін қысым көргенін бұған дейін мәлімдеген. Бүгін әкімшілік қамау мерзімін өтеп шыққаннан кейін қайтадан ұсталды.
«Оны ұстау туралы хаттама толтырылды. Иаковқа ҚР ҚК-нің 302-бабы («есірткі құралдарын тұтынуға арналған притон ұйымдастыру немесе ұстау») және 296-бабы («өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен заңсыз айналысу») бойынша айып тағылып отыр», – деген Воронцовтың адвокаттарының бірі Ғалым Нұрпейісов КазТАГ-қа берген сұхбатында.
Адвокаттың хабарлауынша, 23 ақпан күні таңертең Воронцов 72 сағатқа ұсталған. Бұл жолы ол қылмыстық іс аясында күдікті ретінде танылып отыр.
Бұған дейін БАҚ сұрауына жауап ретінде Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасында «есірткі құралдарын тұтынуға арналған притон ұйымдастыру» фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған.
Еске салайық, әкімшілік қамауда отырған кезде Воронцов хат жазған, оны адвокаты жариялаған. Хатта Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, жағдайды Қазақстанда ОПШ-тан тәуелсіз православ шіркеуін құру әрекетімен байланыстырады.