Қоғам

Бақытгүл Хаменова қамалмайтын болды

Фото: Айгерім Таубай

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Бұл туралы жергілікті «Ақ жайық» сайты хабарлады.

Айта кетейік, Бақытгүл Хаменова 2022 жылдың қарашасында 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде 3 жылдан кейін өтейтін болып, Хаменова сот залынан үйіне жіберілген.

Жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі 2026 жылдың 10 наурызына дейін күшінде болды.

2026 жылдың 16 наурызында Атырау қаласының №2 сотында Хаменова ісі қаралды. Пробация қызметінің мәліметінше, Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және баласын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындаған.

Сот осы мән-жайды ескеріп, жазаны 7 жыл бас бостандығын шектеуге ауыстырған.