Авто

AUDI жол талғамайтын электрлі көлігін таныстырды

Бұған дейін компания AUDI E5 Sportback моделін ұсынған болатын / фото: carnewschina
Бұған дейін компания AUDI E5 Sportback моделін ұсынған болатын / фото: carnewschina

Қытайда SAIC-Audi аясында шығарылған жаңа электрлі жол талғамайтын көлік – AUDI E7X ресми сайтта таныстырылды.

Сarnewschina ақпаратына қарағанда, бұл – тек электромобильдерге арналған жаңа AUDI брендінің екінші моделі. Бұған дейін компания AUDI E5 Sportback моделін ұсынған болатын.

751 шақырымды бағындырады

Жаңа E7X кроссовері 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 3,97 секундта жетеді. Көлік толық жетекті нұсқада 500 кВт (670 а.к.) қуатқа ие. Ал базалық артқы жетекті нұсқасы 300 кВт (402 а.к.) мотормен жабдықталған. Ең жоғары жылдамдығы – 230 км/сағ.

Көлік CATL компаниясының 109 кВт⋅сағ батареясымен жабдықталған. Бұл 751 шақырымға дейін жүріс қорын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 900 В жоғары вольтты архитектурасы бар.

Өлшемдері: 5049×1997×1710 мм. Дөңгелек базасы – 3060 мм. 21 немесе 22 дюймдік дөңгелектер ұсынылады.

Қолайлы басқару

Салоны бес орындық. Алдыңғы панелі жарықдиодты «сақина» стилінде жасалған. Көлікте жоғары айқындықтағы DLP проекциялық шамдар, жарықтандырылған логотип және ерекше LED элементтер бар.

E7X толық алюминий шассимен және quattro толық жетек жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, шатырында лидар орнатылған. Ол Momenta технологиясы негізінде жұмыс істейді. Жоғары жылдамдықта және қала ішінде көлікті басқаруға көмектеседі.

Көліктің ресми таныстырылымы биыл Бейжің автосалоны аясында өтеді.

Ал Volkswagen қытайлық электрокроссоверге бәсекелес болатын моделін таныстырған еді.