
20 сәуір күні таңертең Brent маркалы мұнай фьючерстері 6%-дан астам қымбаттап, барреліне 96 доллардан жоғары деңгейге көтерілді. Астана уақытымен 09:47-де эталонды мұнай бағасы 95,6 долларға дейін түсті. Бұл Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің жаңадан ушығуы аясында алдыңғы сауда сессиясындағы шығындардың орнын толтырды.
Мұнай бағасының өсуіне Президент Дональд Трамптың мәлімдемесі себеп болды. Оның айтуынша, АҚШ Әскери-теңіз күштері Оман шығанағында Иран туы астындағы жүк кемесіне оқ жаудырып, оны басып алған. Кеме Ормұз бұғазынан шығу кезінде тоқтау туралы бұйрықты елемеген көрінеді.
Тегеран да Ормұз бұғазындағы кемелерге соққы беріп, осы маңызды теңіз сауда жолы арқылы кемелердің өтуіне қайтадан бақылау орнатты. Сондай-ақ Иран тарапы АҚШ-тың осы елге қатысы бар кемелерді қоршауға алуын (блокадасын) оқ атуды тоқтату туралы келісімді бұзу деп мәлімдеді.
Өткен аптаның соңында АҚШ пен Иран арасында тұрақты бейбіт келісімге қол жеткізу үрдісі байқалған еді, бірақ қазір белгісіздік қайта күшейді.
Ақпан айының соңынан бері жалғасып жатқан қақтығыс жаһандық энергия ресурстарын жеткізудегі тарихтағы ең ірі іркілістердің біріне соқтырып, инфляцияның жеделдеуі мен әлемдік экономика өсімінің баяулау қаупін арттырды.