
Teniz Capital компаниясының хабарлауынша, «Қазақстан Темір Жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясы 5 және 10 жылдық мерзімге облигация яғни инвесторлардан қаражат тарту үшін қарыз қағазын шығаруды жоспарлап отыр.
Инвесторлармен кездесу
Мемлекетке жүз пайыз тиесілі ҚТЖ бұл іске көмектесу үшін әлемдік ірі банктер (Citi, J.P. Morgan, Société Générale, Deutsche Bank және т.б.) және қазақстандық брокерлерді (Teniz Capital мен Freedom Broker) тағайындады.
Олар 20 сәуір күні Астана уақытымен сағат 18:00-де шетелдік және жергілікті инвесторлармен ауқымды онлайн-кездесу өткізеді.
Қанша қаражат тартылмақ?
Осы кездесуден кейін, егер қаржы нарығындағы жағдай қолайлы болса, ҚТЖ 3 млрд долларға дейін долларлық қарыз қағазын сатылымға шығармақ. Бұл қағаздар халықаралық стандарттарға сай екі бөлініп, 5 және 10 жылдық мерзімге сатылады.
Қарыз қағаздарының сенімділігі (рейтингі)
Бұл инвестицияның сенімділігі жоғары деңгейде. Халықаралық Moody’s және Fitch агенттіктері жаңа шығатын қағаздарға компанияның қазіргі жағдайына сай «Baa2» және «BBB-» деген жақсы баға (рейтинг) береді деп күтіліп отыр.
Яғни, компанияның қарызды уақытылы қайтара алатынына сенім бар. Барлық процесс халықаралық қаржылық ережелерге сай жүргізіледі.
Ескерте кететін жайт, ҚТЖ қарызы үлкен ұлттық компанияның бірі саналады. Дәл осы уақытта кредит портфелі 3,7 трлн-ға жеткен. Әзірге бұл қарыз мәселесі қалай шешілетіні белгісіз.