
Республика бойынша кітапханалардың жалпы қоры 110,3 млн дананы құрайды. Оның ішінде басым үлесі, яғни 69,6 млн данасы дәстүрлі баспа кітаптарына тиесілі.
Kursiv.Media Қазақстан кітапханаларында жиналған кітап пен газет қорын талдап, өңірлердегі жағдай туралы деректі сараптап көрді.
Қазақстанның жалпы кітапхана қоры 110 миллионнан асты
2025 жылдың дерегіне сәйкес, кітаптардың 44,0%-ы мемлекеттік тілде жазылған. Бұл көрсеткіш елдегі қағаз форматындағы әдебиеттер әлі де басым екенін және басты білім көзі болып қала беретінін аңғартады.

Алматы қаласы – елдегі кітап қазынасы
Статистика бойынша Алматы қаласының кітапхана қоры таңғалдырарлық деңгейде, яғни 37,6 млн данаға жеткен. Ол бүкіл Қазақстандағы кітап қорының шамамен 34%-ын құрайды. Әсіресе, «басқа да әдебиеттер» санатында Алматы 21,6 млн данамен республикадағы ең жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр.
Цифрландыру деңгейі және электронды тасымалдағыштардың үлесі
Қазіргі заманғы технологиялардың дамуына қарамастан, электрондық жеткізгіштегі ресурстардың үлесі әлі де төмен. Республика бойынша бар болғаны 1,8 млн электронды ресурс тіркелген.
Бұл жалпы қордың 1,7%-ына ғана тең. Бұл бағыттағы ресурстардың басым бөлігі де Алматы қаласында (1,4 млн дана) шоғырланған.
Өңірлерде кітап қоры аз
Аймақтар бойынша алып қарасақ, Алматыдан кейінгі орындарда Батыс Қазақстан облысы (6,9 млн дана), Түркістан облысы (6,0 млн дана) және Жамбыл облысы (5,0 млн дана) тұр.
Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген, мұндағы қор 841 мың дананы құрайды. Бұл аймақтың демографиялық және әкімшілік ерекшеліктеріне байланысты қалыпты жағдай деп есептеледі.
Мерзімді басылымдар мен аудиовизуалды материалдардың таралуы
Кітапханаларда жиналған журнал саны 6,6 млн дананы құрайды. Ал газет саны – 2,4 млн дана. Яғни, журнал қоры газет тігінділерінен үш еседей артық.
Сонымен қатар аудио және видео материалдар санаты – ең сирек кездесетін ресурс. Олардың жалпы саны бүкіл ел бойынша небәрі 290 972 дананы құрайды.
Бұл бағытта Түркістан облысы газет саны бойынша 199 мың данамен басқа өңірлерден оқ бойы озық тұр.
Еске сала кетейік 23 сәуір елімізде «Ұлттық кітап күні» ретінде аталып өтіледі.