
Таяу Шығыстағы қақтығыстардың ушығуы және стратегиялық маңызы бар Ормұз бұғазының жабылу қаупі жаһандық энергия нарығына ғана емес, аймақ елдерінің экономикалық тұрақтылығына да үлкен қысым түсіріп отыр. Геосаяси белгісіздік пен логистикалық тізбектердің үзілу ықтималдығы аясында Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Парсы шығанағы мемлекеттерінің ЖІӨ өсіміне қатысты болжамдарын қайта қарап, айтарлықтай төмендетті.
Қатар: экономикалық құлдырау
Қатар блоктағы ең күрт өзгеріске ұшыраған ел болды. ХВҚ 2026 жылға арналған өсім болжамын бірден (-14,7) пайыздық пунктке төмендетіп, (-8,6%) деңгейінде белгіледі. Дегенмен 2027 жылы көрсеткіш бірден +8,6%-ға дейін күрт өсуі мүмкін. Бұл құбылыс елдегі жүйелі дағдарысты емес, уақытша құрылымдық факторлардың әсерін көрсетсе керек.
Кувейт пен Бахрейн: теріс аймаққа өту
Екі мемлекет 2026 жылы экономикалық өсімнің теріс көрсеткішіне тап болмақ. Кувейт экономикасы (-0,6%), ал Бахрейн (-0,5%) деңгейіне дейін төмендейді деп болжануда. Түзету ауқымы тиісінше (-4,5 және -3,8 п.п.) құрады, бұл аймақтағы жалпы экономикалық салқындаудың белгісі.
Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы: тұрақтылық тіректері
Болжам -1,5-1,9 пайыздық пункті шамасында төмендегеніне қарамастан, БАӘ мен Сауд Арабиясы +3,1% деңгейіндегі оң өсімді сақтап қалды. Бұл елдер қазіргі таңда аймақтық блоктағы ең орнықты және төзімді позицияда тұрған мемлекеттер саналады.
Оман: минималды өзгеріс және тұрақтылық
Оман экономикасы ең аз ревизияға ұшырады (-0,5 п.п.). ХВҚ бұл ел үшін алдағы екі жылға да тұрақты әрі сенімді болжам жасап отыр: ЖІӨ өсімі шамамен 3,4-3,5% деңгейінде сақталмақ.
2026 жылға арналған болжамдардың жаппай төмендеуі ОПЕК+ аясындағы өндіріс көлемінің шектелуімен және орта мерзімді перспективада мұнай кірістеріне түсетін қысыммен тікелей байланысты. Соған қарамастан, аймақ елдерінің басым бөлігі 2027 жылға қарай экономикалық белсенділікті қалпына келтіреді деп күтілуде.
Еске сала кетейік, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2026 жылға арналған жаһандық экономикалық болжамын төмендетіп, әлемдік жалпы ішкі өнім өсімі 3,1% болады деп есептейді.