
Қазақстан журналистері қауымы Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») БАҚ өкілдеріне қысым көрсетудің, қудалаудың құралына айналды деп есептейді. Олар заң ережесін қайта қарауды, оны қылмыстық құқық бұзушылық санатынан шығаруды сұрайды.
Журналистер мәселесін көтерді
Елге танымал бір топ журналист 22 сәуірде әріптестерін Алматыдағы баспасөз клубына шақырып, әсіресе кейінгі бір жылда сөз еркіндігіне тұсау салуға сеп болған солқылдақ заң ережесін талқылады. Лұқпан Ахмедьяров, Назира Дәрімбет, Марат Әсіпов, Қарлығаш Еженова және Ардақ Бөкеева «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабына тікелей қатысты түрлі кейстерді талқылап, заң ережесінің сөз еркіндігіне төндірген қаупін ашып айтты.

Көпшіліктің үнін өшіру
«Қылмыстық кодекстің 274-бабы баяғыда қабылданған, бірақ ұзақ уақыт бойы үнсіз жатты. Енді БАҚ өкілдері, блогерлерге, сонымен бірге жекелеген азаматтарға қарсы қолданатын құралға айналып шыға келді», – дейді журналист Ардақ Бөкеева.
«Заңның осы ережесі билікті сынайтын кез келген адамға қарсы қолдануға ыңғайлы болып шықты. Бұл ереже қазір адамның үнін өшіру, аузына қақпақ қою үшін қолданылып жатыр», – деп қостады әріптесін Лұқпан Ахмедьяров.
«274-бап бәріне бірдей емес, жекелеген адамдарға ғана қолданылады. Негізінен елдегі сыбайлас жемқорлықты зерттейтін, батыл сөйлейтін журналистер осы ереженің тырнағына бірінші ілігіп жатыр», – деп есептейді Назира Дәрімбет.
Залдан үн қосқан журналист Вадим Борейконың пікірінше, билік 2020 жылғы маусымда Қылмыстық кодекстің 130-бабын («Жала жабу») декриминализациялаған соң, оның орнын 274-бап («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бірден баса қойды.
«Бір қызығы, осы бап нәтижесін беріп жатыр. Бір сауалнамаға қатысқан респонденттердің 60%-ы қазіргі қоғамда сын айту қауіпті екенін атап өткен. Ал журналистер мен блогерлер көпшілік алдында жүрген соң, осы баптың зардабын солар бірінші тартып жатыр», – деп мәлімдеді Бөкеева.
Әріптестердің айтуынша, ендігі жерде әлдекімнің арызы негізінде журналистер мен блогерлерді екі айға үйқамаққа отырғызу, тіпті қамауға алу оңай болып тұр. Ең сорақысы – олардың нақты қандай қылмыс жасағанын, не себепті қоғамға қауіпті адамға айналғанын ешкім білмейді. Істі болғандар да өзін арашалап алуға дәрменсіз күй кешіп жүр. Өйткені 274-баптың өзі өте ауқымды әрі тым түсініксіз.
«Мысалы, бір блогер көлік апатын видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялайды. Артынша оны 274-бабы бойынша жауапқа тартады. Оқиға орнында түсірілген видео «көрінеу жалған ақпарат таратуға» жатуы мүмкін емес қой», – дейді Бөкеева.
БАҚ өкілдерінің қалауы
Осыған орай журналистер қауымы билікке үндеу тастап, бірнеше талап қойды. Солардың бірқатары:
- Қылмыстық кодекстің 274-бабын қайта қарау;
- Осы бапты қылмыстық құқық бұзушылық қатарынан шығарып, әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызу;
- Жазықсыз азаматтар 274-бабы негізінде қылмыстық жауапқа тартылмас үшін тергеу органдарының, сонымен бірге бұлтартпау шарасын таңдау кезінде тергеу соттарын қолдану практикасын әзірлеу;
- Жоғарғы сотта 274-бабын қылмыстық соттардың қолдану практикасын әзірлеу;
- «Жала жабу» бабы секілді, «Көрінеу жалған ақпаратты тарату» бабын да декриминализациялау.
Медиа өкілдері басқа да әріптестерден аса өзекті мәселеден тыс қалмай, үндеуге қосылып, оны eOtinish арқылы құзырлы мекемелерге жолдауды сұрайды.