
Ұлттық киноөнердің қара шаңырағы «Қазақфильм» төңірегінде әңгіме көп. Кейінгі кезде тіпті «киностудияны сырттан келген топтар басқарып отыр» деген қауесет тараған. Ол туралы киностудияның бұрынғы басшысы Азамат Сатыбалды да айтқан. Осыған байланысты, мәдениет және ақпарат министрлігі Kursiv Media-ға пікір білдіріп, студияның жаңа қаржылық мүмкіндіктері мен қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.
Дағдарыстан шығу жолы: 30 пайыздық үлес
Киностудияның бүгінгі жай-күйіне қатысты қоғамда алаңдаушылық басым. Осыған байланысты министрлік «Кинематография туралы» Заңға маңызды түзетулер енгізілгенін хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, 2025 жылдан бастап «Қазақфильм» үшін жаңа мүмкіндіктер ашылған. Енді мемлекеттік қолдау көлемінің кемінде 30 пайызы тікелей «Қазақфильм» жобаларына бағытталмақ.
Министрлік қаржыландыру бұрынғыдай жалпы конкурс арқылы емес, мемлекеттік тапсырыс ретінде тікелей бөлінетінін жеткізген. Бұл киностудияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, дағдарыстан шығуға септігін тигізеді деп күтіліп отыр.
«Сыртқы топтар» мен қауіпсіздік мәселесі
Министрлік киностудияны «сырттан келген беймәлім топтар басқарып отыр» дегенді растамады.
Қауіпсіздік мәселелері бойынша министрлікке ресми ақпарат келіп түспеген. Дегенмен алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында комитет тарапынан тиісті бақылау жұмыстары жүргізіледі», – деліген министрліктің Kursiv Media-ға жолдаған жауабында.
Сондай-ақ қандай да бір азаматқа немесе қызметкерге қауіп төнетін болса, заң аясында тиісті қорғау шаралары қабылданатынын атап өткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін, Азамат Сатыбалды «Қазақфильмде» басшылық қызметте жүрген кезінде өзіне түрлі қысым болғанын айтқан еді.