
КешYOU тобының «алтын құрамасының» мүшелері Кәмшат Жолдыбаева мен Айдана Меденова топтың 20 жылдық мерейтойлық концертіне қызу дайындықты бастап кетті.
Бұл оралудың өзіндік маңызы бар, себебі қос әнші де соңғы уақытта шығармашылықтан алшақтап кеткен еді
Айдана Меденова жақында ғана басына таққан орамалын шешіп, өнерге қайта оралатынын ресми түрде мәлімдеген еді. Оның бұл қадамы желіде қызу талқыға түскенімен, сахнадағы бейнесін сағынғандар қарасы көп екен.
Ал Кәмшат Жолдыбаева болса тұрмысқа шығып, өткен жылы ана атанған. Әнші біраз уақыт көзден таса болған еді. Жанкүйерлері оның бұрынғы энергиясы мен харизмасын сахнадан көруге асық.
«Жанар Дуғалова жетпей тұр»
Желі қолданушылары Кәмшат пен Айдананың дайындығына сүйсіне отырып, топтың ең мықты кезеңіндегі үшінші мүше – Жанар Дуғалованы да сұрап жатыр. Оқырмандардың пікірінше, бұл үштік бірін-бірі толықтырып тұратын ең үйлесімді құрам болған.
«Жанар қосылса, тіпті керемет болар еді. Оның дауысы мен энергиясы бұл топтың сәні», – деп жазды қолданушылардың бірі.
Айта кетейік, бұған дейін топтың алғашқы қарлығаштарының бірі Мөлдір Әуелбекова бұл кешке қатыспайтынын мәлімдеген еді. Бұл шешім продюсер Баян Алагөзованың наразылығын тудырып, желіде екі тарап арасында кішігірім дау туындаған еді.