
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 24 сәуірде Астанада өткен брифингте доллардың теңгеге шаққандағы бағамына қатысты сауалға жауап берді.
ҰБ елдегі қаржы саласын реттеуші мекеме болғандықтан, валюта бағамына қатысты болжам жасамайды. Алайда банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаз мезгілінде АҚШ валютасына сұраныс көбейетінін алдын ала ескертіп өтті.
«Доллардың нығаюы немесе әлсіреуін тек қана нарық анықтайды. Жалпы жазда долларға сұраныс артады. Жылда осы маусымда болатын жағдай», – дейді ҰБ басшысы.
Оның айтуынша, жазғы маусымында шетелде демалуды қалайтын көпшілік АҚШ валютасын көптеп сатып ала бастайды. Топ-менеджер сұраныстың көбеюінің тағы бір себебін атады.
«Екінші бір маңызды фактор: ұлттық холдингтер өзінің инвестициялық бағдарламаларын іске асыра бастайды. Олар жазда нарыққа шығып, түрлі құрал-жабдықтар сатып алады. Сондықтан жазда долларға сұраныс артады», – деп түсіндірді Сүлейменов.
Бір күн бұрын Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар бағамы 465,15 теңгемен жабылған. 24 сәуірде сағат 13:00-дегі жағдай бойынша KASE-де 1 доллар 464,46 теңгеден саудаланып жатыр.