Иран АҚШ-қа жаңа ұсыныс жолдады

Жарияланды 27 Сәуір 2026 11:57

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ- Иран келісімі / фото: gemini generated

Иран билігі Пәкістан арқылы АҚШ-қа жаңа жоспар жолдады. Олардың басты шарты – Ормұз бұғазын қайта ашып, соғысты доғару, бірақ ядролық бағдарламаны талқылауды кейінге қалдыру ең қиын мәселе болып тұр. AXIOS мәліметінше, Иран осылайша тыныс алып, экономикалық блокададан (қоршаудан) құтылғысы келеді.

Трамптың «темір» тактикасы: «Босқа ұшақпен ұшып жүрмейміз»

Дональд Трамп ұсынысқа әлі иліге қоймады. Ол Пәкістандағы кездесуге өкілдерін жіберуден бас тартты. Трамптың уәжі қысқа: «18 сағат ұшып барып, сонда жай отырудың еш мәні жоқ. Сөйлескілері келсе, телефон соқсын». Ол Иран әбден қысылмайынша, жеңілдік бермейтін түрі бар.

«Situation Room» ішіндегі құпия: Ақ үй не дайындап жатыр?

Бүгін, 27 сәуірде, Трамп өзінің басты кеңесшілерін жинап, Иранға қарсы келесі қадамдарды пысықтайды.

Мақсат – Иранның мұнайын бұғаттап, оларды бұдан да тиімдірек шарттарға көндіру. Ақ үй өкілдері «АҚШ мүддесі бірінші орында, Иранға ешқашан ядролық қару берілмейді» деп кесіп айтты.

Оман мен Мәскеу арасындағы жанталас: Иран қолдау іздеп жүр

АҚШ-пен тіл табыса алмаған соң, Иранның Сыртқы істер министрі Арагчи Оманмен келіссөз жүргізіп, енді Мәскеуге -Путинге бет алды. Бүгін, 27 сәуірде Кремель басшысы Владимир Путин Иранның сыртқы істер министрін қабылдамақ.

Олар блокададан (қоршаудан) шығудың амалын басқа жақтан іздеп жатыр. Трамп болса, Иранның соңғы жіберген ұсыныстары бұрынғыдан жақсырақ болса да, әлі де жеткіліксіз деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз