
Димаш Құдайбергеннің аргентиналық жанкүйерлері елдегі білім беру ұйымдарын қолдауға бағытталған жаңа қайырымдылық бастаманы қолға алды. Жобаның алғашқы нысаны ретінде Мар-дель-Плата қаласындағы генерал Хосе де Сан-Мартин атындағы №5 бастауыш мектебі таңдап алынды.
Жоба аясында жанкүйерлер қауымдастығының өкілдері музыкалық аспаптарды табыстау үшін 400 шақырымнан астам қашықтықты еңсеріп, арнайы келген. Мектепте ұлттық киімдер мен ақпараттық стендтерден тұратын көрме ұйымдастырылып, оқушылар мен ұстаздар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысқан.
Кездесудің ең маңызды сәті – мектеп әкімшілігінің музыкалық кабинетке Димаш Құдайбергеннің есімін беру туралы шешімі болды. Бұл Аргентина үшін өте сирек әрі символдық маңызы бар оқиға.
«Аргентинадағы білім беру мекемелерінде әдетте атақты тұлғалардың есімдері тек қайтыс болғаннан кейін беріледі. Алайда Димаштың халықаралық мәдениетке қосқан орасан зор үлесі мен жанкүйерлердің шынайы ниеті ескеріліп, бұл жолы ерекше шешім қабылданды», – дейді ұйымдастырушылар.

Қайырымдылық бастамасының мақсаты – музыкалық аспаптарға мұқтаж балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға көмектесу. Ұйымдастырушылардың пікірінше, музыка адамдарды біріктіріп, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтады.
Кездесу соңында мектеп ұжымы қазақстандық өнерпаздың жанкүйерлеріне ризашылықтарын білдіріп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Игі бастама алдағы уақытта Аргентинаның өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген жас әншімен продюсер ретінде жұмыс істейтінін жазған едік.