
Халықтың қарыз жүктемесі бизнестің несие қоржынын басып озып, алшақтық жыл санап артып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын бизнес пен жеке тұлғалардың несие көлемі тең, яғни әрқайсысы шамамен 10 трлн теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгерген.
Ұлттық банктің 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша есебіне сүйенсек, банк секторының халыққа берген несиесі 25 трлн теңгеге жетсе, бизнес секторындағы көрсеткіш 18,3 трлн теңге деңгейінде қалып отыр.
Атап айтқанда, бизнеске берілген несие 2025 жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда 0,96%-ға қысқарса, халықтың несиесі, керісінше, 1,2%-ға өскен.
Халықтың банктен алған 25 трлн теңге қарызының 7 трлн теңгесі – ипотека қарызы. Ал 16,85 трлн теңгесі – тұтынушылық несие. Сонымен қатар 1,2 трлн теңгені басқа мақсаттарға алған.
Банк секторының берген несиесі екінші деңгейлі банктер мен «Қазақстанның Даму Банкі» берген нақты қарыз қалдықтарын қамтиды.
Бұл мәліметтерде ірі, орта және шағын кәсіпкерлік нысандарының бизнес мақсаттарына алған қаражаты мен жеке тұлғалардың ипотека, тұтынушылық және өзге де жеке қажеттіліктеріне бағытталған несиелері нақты жіктелген.
Дүниежүзілік банк Қазақстанға қатысты дабыл қағып, халықтың кредитке батып отырғанына назар аударған. Қазақстандықтардың қазіргі кредит алу қарқыны 2008 жылғы дағдарыс кезеңінен де асып түсті.