
Ұлттық банк орынбасары Ақылжан Баймағамбетов бұл факторлардың базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау кезінде қалай ескерілетінін түсіндірді.
Қазақстанда инфляция бәсеңдеп жатқанымен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Сондықтан базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім бағаның алдағы динамикасы мен экономикалық жағдайларға байланысты болады.
Базалық мөлшерлеме және инфляция тудырушы факторлар туралы
Биыл наурызда инфляция былтырғы қыркүйектегі ең жоғарғы көрсеткіш – 12,9%-дан 11%-ға дейін төмендеді. Яғни, бәсеңдеу үрдісі бар, бірақ әзірге ол баяу жүріп жатыр.
«Инфляцияның әлі де қос таңбалы мәнде тұрғанын және Ұлттық Банк межесінен екі есе жоғары екенін түсіну маңызды. Ол – бағаның өсуіне әсер ететін факторлардың әлі де сақталып отырғанын және жағдай толық тұрақталды деуге ерте екенін білдіреді», – деді А.Баймағамбетов.
Оның айтуынша, қосымша сын-қатер де жоқ емес. Сәуір айынан бастап тұрғын үй-коммуналдық қызмет (ТКҚ) тарифтері мен жанар-жағармай (ЖЖМ) бағасын көтеруге қойылған мораторий аяқталды. Сондай-ақ сыртқы ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы қақтығыстар да өз әсерін тигізіп отыр.
«Осы құбылыстарды ескере отырып, жаңа қалыптасқан жағдайда инфляцияның қаншалықты тұрақты төмендеп жатқанына көз жеткізіп алу керек. Яғни, жағдай біз күткен ыңғайға келгенде ғана мөлшерлемені төмендету мүмкін болмақ. Орайлы сәтті күтпесек, осы күнге дейін қол жеткізген нәтижені сақтап қала алмауымыз мүмкін», – деді ол.
ТКҚ тарифтерінің инфляцияға әсері қандай?
Коммуналдық қызмет құнының өсуі инфляцияға тікелей әсер етеді, сондықтан Ұлттық Банк болжам жасағанда бұл жайтты әрдайым назарда ұстайды.
«Егер тарифтер біртіндеп көтерілетін болса, оның инфляцияға салмағы аса ауыр болмайды. Ал егер өсім қарқыны бұрынғы жылдардағыдай тым қатты үдесе, бағаға қысым күшейіп, соңы инфляцияның қайта шарықтауына әкеп соғуы мүмкін», – деді ол.
Ұлттық Банк тарифтерге тікелей билік жүргізе алмайды. Десе де, кәсіпкерлердің шығыны мен халықтың күтулері арқылы жанама ықпал болады. Бұқара мен компаниялар баға алдағы уақытта өседі деп қауіптенсе, олар да бағаны ертерек көтеріп, шығынды молайтуға тырысады. Осыдан келіп инфляция «асқына» түседі.
Ақша-кредит саясатының міндеті – мұндай сценарийге жол бермей, бағаның өсуін белгіленген межеге қайта түсіру.
Нығайған теңгенің инфляцияға әсері туралы
Баймағамбетов теңге бағамының нығаюы инфляцияны тежейтін фактор екенін айтты. Ол импорттық тауарлар мен қызметтердің арзандауы есебінен жүзеге асады. Бұл – ақша-кредит саясаты тетігінің қалыпты бөлшегі. Қазіргі уақытта айырбас бағамы мен базалық мөлшерлеме инфляцияны төмендетуге қажетті қатаң шарттарды бірге қалыптастырып отыр.
Жоғары базалық мөлшерлеме теңгедегі активтердің тартымдылығын арттырады, ол өз кезегінде капиталдың келуіне және бағамның нығаюына ықпал етуі мүмкін. Өз кезегінде теңгенің нығаюы импорт құнын төмендетіп, баға өсімін тежейтін қосымша әсер береді.
Сонымен қатар, қатаң ақша-кредит шарттары ішкі сұранысты реттейді. Сөйтіп әртүрлі құралдардың әсері ішінара теңгеріліп, ортақ теңгерімді тиімділікті қалыптастырады.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төртінші рет 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырғанын жазған едік.