
Instagram мен TikTok желісі Қытайдан тауар тасып, тез байып кеткендердің оқиғасына толы. Шетелде саяхаттап жүріп, елге тауар тасып, миллиондап ақша тауып жатқандай көрінеді. Шын мәнінде сондай кәсіп пе? Kursiv.Media отбасымен әлемнің сауда астанасы Гуанчжоуға көшіп, байерлікті кәсіп еткен Құралай Раисовамен сөйлесіп көрді. Байер болу үшін тіл білу маңызды ма, миллиондар табуға бола ма, қандай тауарлар өтімді деген сауалдарға жауап алдық.
Қырыққа келгенде қытай тілін үйрене бастадым
«Біз бұл жаққа тіл үйрену, оқу мақсатында келген едік. Балалар осында мектепте, жоғары оқу орнында оқиды. Шетелде тұрып, қырық жасымда алғаш рет қытай тілін үйрене бастадым», – дейді Құралай.
Ол жұбайы, үш баласымен бірге Гуанчжоуда тұрады.
Гуанчжоу – бейресми түрде Қытайдың сауда астанасы деп саналады, халық саны 15 млн-нан асады. Мұнда жылына екі рет әлемдегі ең танымал Кантон көрмесі (Canton Fair) өтеді. Экспонаттардың саны мен түрі бойынша оған тең келетін басқа алаң жоқ. Ірі өндіріс ошақтары, зауыттар мен бірнеше шақырымға созылатын ірі базарлар мен сауда орталықтары да осында, Гуанчжоуда, орналасқан.
Құралай отбасымен Гуанчжоуға көшкенін естіген соң, достары «мұнда келген соң, бірнәрсе сатпасаң болмайды» деп әзіл шыны-аралас қалжыңдаған көрінеді. Сол нәрсе түрткі болып, өзі де базар, зауыт-фабрикаларды аралап, таныса бастайды.
Құралайдың жеке блогында 60 мыңнан аса оқырманы бар. Қытайға көшкеннен кейін мына затты тауып бересіз бе, мына брендтің киімін жібересіз бе дегендей сұрақтар түсе бастады.
«Қыз-келіншектер біздің елде мүлде жоқ Uniqlo деген сияқты брендтердің өнімін сұрайтын. Бағаларын салыстырсақ, Гуанчжоуда шынымен арзанға түседі. Солай өз аудиториямнан алғашқы клиенттерім шықты. Қажетті дүниелерін тауып беріп жүрдім. Көбісі ыдыс аяқ, әшекейлер, киім-кешек сұрайды. Батыс Қазақстанда тек шұлық сататын қыз бар екен. Оған осы жердегі шұлық фабрикасымен байланыс орнатуға көмектестім», – дейді кейіпкеріміз.
Айына үш тонна тауар жіберемін
Аз уақыттың ішінде Құралай байерлікті меңгеріп үлгереді. Алғашында киім-кешектен бастаған ол кейінірек басқа тауарларға да өте бастады.
«Биыл жаңа жылдан кейін кепкен жеміс (сублимацияланған) ерекше сұранысқа ие болды. Көбінде жеке кәсіпкерлер, дүкен иелері көп сұрады. Екі-үш апта бойы тек сол кепкен жеміс жібердік. Байерлер арасында бір күнде бірнеше тонна кепкен жеміс жібергендер шықты. Ал жаңа жыл алдында планшеттерге де сұраныс жақсы болды. Үш жүз-төрт жүз планшет жіберілді. Кейде екі-үш тонна киім жібереміз», – дейді ол.
Айтуынша, Қазақстаннан келген байерлер өте көп. Бірақ арасында қатты бәсекелестік бар деуге келмейді. Көбісі бір-бірін таниды, аудиториясы да әртүрлі. Бағаны да әртүрлі қояды.
«Шамамен байердің қызметі үшін алатын ақысы – тауардың 20-25%-ы. Егер аутлеттен таза брендтің, оригинал дүниесін алса, 20% қосылады. Базардан алынған арзан дүние болса, 10-15% қосылады», – деп түсіндіреді кейіпкеріміз.
Құралай қытайлық кәсіпкерлерді өте еңбекқор, жұмысқа бейім деп сипаттайды. Зауыттан тапсырыс беру үшін клиент келе жатса, алдынан көлігін жіберіп, бар жағдайын жасап, аралап жүреді. Көрпе-төсек іздесе, матрасына жатқызып, жейтін тауар болса, дәмін татқызып тұрып көрсетеді. Тіпті клиент болмаса да дәл сондай қарым-қатынас сақталады.
«Ешнәрсе алмай кетсеңіз де, ренжімей, арқаңыздан қағып, жымиып шығарып салады. Меніңше, бұл кәсіпкерлерде қалыптасқан ішкі мәдениет», – дейді қазақ байері.

Қандай тауар сатқан тиімді?
Құралайдың тұрақты байер болып жүргеніне бір жылдан асқан. Қандай тауар сатқан тиімді деген сұраққа нақты жауабым жоқ екенін айтады. Қытайдан шыққан кез келген тауарға клиент табылады деген пікірде.
«Мен азырақ шаршататын, көбірек шаршататын тауар деп бөлер едім. Мәселен, киім сату, тапсырысын жинау өте қиын. Түрі, түсі қандай, менің денеме сай келе ме, матасы қандай, тігісі қандай деген жүз сұрақ келеді. Әрқайсысына толық жауап беру керек. Сондықтан болар, пайдасы басқа тауарлармен бірдей болса да, киім-кешек қатты шаршатады дер едім. Оған қарағанда планшет, пылесос тәрізді тұрмыстық техника сатқан жеңіл. Сипаттамасы бар, сұрағы да аз», – деп түсіндіреді ол.
Құралайға жақсы көмек болған тағы бір нәрсе – оның тіл білетіні. Бірақ байер болу үшін тіл білу міндетті деген де ереже жоқ.
«Менің тіл үйреніп, аздап қытайша білетінім жақсы үлес қосып жатыр. Сатушының сөзін түсініп, оған жауап бере алу үлкен көмек. Тіл білмей жұмыс істеп жүргендер де көп, бірақ маған түсініп, байланысып тұрған ұнайды», – дейді.
Байерлер ай сайын қанша табады деген сұраққа да нақты жауап жоқ. Бір ай жақсы, өнімді жұмыс болса, табыс та жоғары, келесі ай басқаша болуы мүмкін. Ақшасы жұмыс істегеніне қарай болады.
«Бірақ осыны қолға алған, тәжірибесі бар байерлер айына бірнеше миллион айналасында пайда табады деп айта аламын», – дейді Құралай сеніммен.
Дегенмен байерлік тек шетелде жүріп, ақша табу емес. Оның тәуекелі де көп. Мәселен, клиенттен тапсырыс пен ақысын алып, зауытқа барғанда сапасы өте төмен тауар беруі мүмкін. Кейде оны қайта қабылдамайды, азық-түлік болса ол тез бұзылып кетуі мүмкін. Осындай тәуекелдері бар.
Қытай әлемге тауар тарататын орталық болғандықтан, логистика өте жақсы жолға қойылған. Тауарды қабылдап, шекарадан қабылдап, Қазақстандағы нүктеге дейін апарып беретін логистикалық компаниялар да көп. Біреуінің ақысы қымбат, біреуі арзан болуы мүмкін. Салмағы ауыр болған соң техника үшін көбірек ақы төлейтініңізді ескерген жөн.
Қалтаңызға қарай кез келген тауар табылады
Құралай сияқты Қытайда жүздеген байерлер бар. Олардың нақты саны осынша деп кесіп айту мүмкін емес. Қытайдан арзан тауарға тапсырыс беріп, елге келіп үстеме ақы қосып сататын алыпсатарлар да көп. Тіпті блогерлер Қытаймен сауда жасау туралы арнайы курс сатуға да көшкен. Temu, Pinduoduo тәрізді маркетплейстер платформалар логистикалық кедергілерді жойып, «арзан әрі сапалы» деген ұғымды жаңа деңгейге шығарды. Енді тағы бір қытайлық JD.com маркетплейсі биыл ел нарығына шығатынын хабарлаған.
«Қытай инеден бастап зауыттағы құрал-жабдыққа дейін шығарады. Сапасы да әртүрлі, сапасына қарай бағасы да алуан түрлі. Қытай тауары сапасыз деген стереотипті ұмыту керек. Сіздің қалтаңызға қарай кез келген тауарды шығарып бере алады. Өте сапалысы да, тым арзаны да бар. Өндірушілер өте көп, бәсекелестік жоғары», – дейді Құралай.
Сыртқы сауда нарығындағы ең үлкен серіктестің бірі Ресей болса, екіншісі – осы Қытай. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда байланысы рекордтық 34,1 млрд доллар деген көрсеткішке жетіп, еліміздің жалпы сыртқы саудасының 23,7%-ын құрады. Ал биылғы үш айда бұл көрсеткіш тағы өсіп, 31,4% болды.
Сауда көлемі артып барады дегеннің артында көлеңкелі тұсы бар. Негізінен біз қытайлық өнімдерді импорттаймыз. Қазақстандағы базарлар мен сауда орталықтары Гуанчжоу мен Бейжіңнен шыққан арзан тауарға толғаны жасырын емес.
Ал Қазақстаннан Қытайға баратын экспорт көлемі былтыр бар болғаны 2,1% немесе 5,2 млрд доллар ғана болды. Біз аспан асты еліне негізінен металл, ауыл шаруашылығы мен химия өнімдері, минералды өнімдер тасымалдаймыз яғни басым көпшілігі – дайын тауар емес шикізат. Ал Қытайдан киім-кешек пен гаджет қана емес, көліктер мен химиялық өнімдер де импорттаймыз.
Өкініштісі, сарапшылар жыл өткен сайын қытайлық тауарға тәуелділігіміз артып барады деп дабыл қағады. Тіпті алдағы уақытта да Қытайдан келетін импорт сауданың басты драйвері болып қала бермек.