Еуропа елдерін жаяу аралаған ақсақал «Құрметті спорт қызметкері» атанды

Жарияланды 29 Сәуір 2026 09:21

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Құрметті атақты Туризм министрінің орынбасары Серік Жарасбаев табыстаған/фото: туризм министрлігі

Жаяу саяхат жасайтын Сәрсенбай Қотырашовқа «Құрметті спорт қызметкері» атағы табысталды. Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, ақсақал Еуропа елдерін аралап, елге оралды.

Атақты Туризм министрінің орынбасары Серік Жарасбаев табыстаған.

Сәрсенбай Қотырашов 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырым жолды жүріп өткен. Осы жетістігі үшін отандық КИнЭС рекордтар кітабына енді.

Сәрсенбай Қотырашов елге оралды/фото: Туризм және спорт министрлігі

Кейінгі жылдары халықаралық деңгейдегі жаяу саяхаттарын жалғастырып жүр. 2023 жылы Атыраудан жолға шығып, Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбул қаласына жетті. Ал 2024 жылы Өскеменнен бастап Алтай, Моңғолия арқылы Қытай астанасы Бейжіңге дейін барды.

«2026 жылдың 3 наурызында басталған кезекті сапарында 76 жастағы жиһанкез Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Францияны жаяу жүріп өтті», – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, бұған дейін жиһанкездің Парижге жеткені айтылды. Сәрсенбай Қотырашовты Салтанат қақпасының алдында Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің өкілдері мен қазақ диаспорасы салтанатты түрде қарсы алған.

Ақсақал келешекте АҚШ-ты жаяу аралағысы келеді.

Сондай-ақ оқыңыз