Мұнай 115 доллар: Трамп мұнай алпауыттарымен шұғыл кездесу өткізді

Жарияланды 29 Сәуір 2026 16:35

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Дональд Трамп шұғыл кеңес өткізуде / ФОТО:  Уилл Оливер/EPA

Иранмен арадағы саяси тығырыққа байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай компаниялары басшыларымен жиын өткізді. Axios басылымының хабарлауынша, Трамп пен оның сенімді өкілдері Ақ үйде энергетика саласының мамандарымен кездесіп, Иранмен арадағы қақтығыстың жанармай нарығына әсерін талқылады.

Таяу Шығыстан келетін мұнай тасымалының тоқтап қалуы шикізат бағасын өсіріп жатыр. Бұл жағдай мұнай саласы үшін жаңа мүмкіндіктер де, үлкен қауіп те тудырып отыр.

Кездесуге кімдер қатысты?

Жиынға Ақ үй әкімшілігінің басшысы Сьюзи Уайлз, Қаржы министрі Скотт Бессент, сондай-ақ арнайы өкілдер Стив Виткофф пен Джаред Кушнер қатысқан.

Кездесуге келгендер арасында Chevron компаниясының басшысы Майк Вирт те болды.

Ақ үй өкілінің айтуынша, президент мұндай кездесулерді ішкі және халықаралық нарықтағы жағдайды біліп отыру үшін жиі өткізіп тұрады. Сондай-ақ жиында Венесуэладағы жағдай, мұнай мен газ өндірісі және тауар тасымалы мәселелері сөз болды.

Неден қауіп бар?

Трамп пен республикашылдар АҚШ-тағы бензин бағасының қымбаттауынан сескеніп отыр. Қазіргі уақытта бензиннің орташа бағасы галлонына (шамамен 3,8 литр) 4,18 долларға жетті.

Бұл – 2022 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Үкімет бағаны түсіру үшін кейбір заңдық шектеулерді (Джонс заңы сияқты) алып тастағанымен, нарықтағы жағдайды реттеуге мүмкіндік аз.

Еске сала кетейік, бағаның өсуіне АҚШ пен Иран арасындағы келіспеушілік пен Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) ОПЕК-тен шығу мүмкіндігі себеп болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз