
Роза Әлқожа Шымкентте өткен концерттен бір тиын пайда көрмегенін айтып шағымданды. Тіпті, енді сахнаға шығудан бас тартпақ.
Қазір әнші Қытайдың Гуанчжоу қаласында жүр. Сол жақтан әлеуметтік желі арқылы отандастырына сәлем жолдап, ренішін жеткізді.
«Аяқ астынан Гунчжоуға кетіп қалғаным қандай жақсы болған. Концерттің шығыны мен кірісін айтқан кезде, күлкім келіп жатыр. Шымкенттегі концерттен бір тиын пайда болмады. Баяғыда Қызылорда мен Ақтөбеде Дастан деген жігіт концерт өткізіп, үш жарым миллион қарызын әлі берген жоқ. Қанша жыл болды», – деді әнші.
Роза Әлқожаның сөзіне қарағанда, маңдай терінің ақысын ала алмай жүр. Еңбегінің қызығын концерт ұйымдастырушылар көріп жатыр.
«Осындай концерттерге күлкім келеді. Өліп-өшіп халықтың алдына шығатын – мен. Жүргізетін – мен. Елге жауап беретін – мен. Ән салатын – мен. Бірақ пайдасын көретін – ұйымдастырушылар. Мейлі, ары білсін. «Анаған кетті, мынаған кетті, өйтті, бүйтті» дейді. Ұқит-сұқит. Салпақтап жүрген кім? Еңбегін төккен кім? Шаршап өлейін деп жүрген кім? Бұдан кейін концерт бермеймін-ау!» – деді Роза Әлқожа.
Айта кететін жайт, әнші былтыр қыркүйек айында екінші мәрте қалыңдық көйлегін киіп, отау құрғандарының 25 жылдығын атап өткен еді.