
Әйгілі пуэрто-рикалық әнші Рики Мартин алғаш рет Алматыда концерт бермек. Шара 18 шілдеде қаладағы Спартак алаңында өтеді.
«Миллиондардың сүйіктісі әрі латын поп-музыкасының басты иконаларының бірі Рики Мартин 18 шілдеде өзінің ауқымды әлемдік туры аясында Қазақстанда өнер көрсетеді. Ол өзінің ең жарқын және отты хиттерін паш етпек», – делінген концерт ұйымдастырушы халықаралық Park Live World компаниясының хабарламасында.
Ақпаратқа сүйенсек, шоуда әртістің ең танымал «Livin’ la Vida Loca», «Maria», «She Bangs» және «Nobody Wants to Be Lonely» сияқты хиттері орындалады.
Рики Мартин – белгілі Латын Америкалық әнші. Оның жұлдызды жолы балалық шағынан басталған. Тоғыз жасында жарнамаларға түсіп, он екі жасында «Menudo» тобының мүшесі болған. 1991 жылы дебюттік жеке альбомы шыққаннан бері ол бүкіл әлем бойынша 95 миллионнан астам пластинка сатқан. Ондаған платиналық сертификаттарға ие болған. Сондай-ақ, екі «Грэмми» және бес «Латын Грэмми» сыйлығын жеңіп алған.
2026 жылы америкалық Super Bowl LX шоуында Bad Bunny және Lady Gaga-мен бірге өнер көрсеткен.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда концерт беруі мүмкін жұлдыздар туралы жазған едік.