
Қазақстанда соңғы бір жылда жалғыз саяхаттайтын жолаушылардың үлесі шамамен екі есе қысқарды. 2024 жылы клиенттердің 77,7%-ы сапарға өз бетімен шықса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін төмендеген. Мұндай мәліметтерді FlyArystan компаниясы келтірді.
Компанияның мәліметінше, қазақстандықтар қазір отбасымен, достарымен немесе топпен бірге саяхаттауды жиі таңдай бастады. FlyArystan деректеріне сәйкес, жолаушылардың көбі тек қол жүгімен ғана ұшуды жөн көреді. Айта кетейік, 2026 жылдың 1 наурызынан бастап оның шекті мөлшері 7 келі болып белгіленген.
Сонымен қатар компания жолаушылардың шамамен 40%-ы қосымша ақылы қызметтерді жиі пайдаланатынын хабарлады. Олардың қатарында орын таңдау, багаж және борттағы тамақтану сияқты сервистер бар. Ал әр үшінші жолаушы ұшу кезінде тегін Fly&Fun цифрлық ойын-сауық жүйесіне қосылады.
Бұдан бөлек, жолаушылардың әуежайда тіркелуден бас тартуы байқалады. Ішкі рейстердің 93%-ы онлайн тіркеу арқылы өтеді, ал мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 700 мыңнан асқан. Қағаз билеттер де біртіндеп азайып келеді, бір жылда олардың саны 77%-ға қысқарған.
Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық лоукостер FlyArystan Ақтау – Батуми – Ақтау бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстің іске қосылатынын хабарлаған еді. Рейстер 2026 жылғы 6 маусымда басталып, 29 тамызға дейін ұшады. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.