
Алматыға жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, доктор Кай-Фу Ли келді. Ол Қазақстанның негізгі мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектор басшыларына арналған «AI Class» авторлық курсын өткізді деп хабарлады ЖИ министрлігі.
Әлемдік сарапшының дәрісін премьер-министр орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, президент көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «ҰАТ» АҚ және басқа да квазимемлекеттік сектор өкілдері тыңдады.
«Доктор Кай-Фу Ли – әлемдік деңгейдегі тұлға. Ол венчурлық капиталист әрі жасанды интеллект туралы бестселлерлердің авторы ретінде танылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде стратегиялық маңызды рөл атқарады. Өткен оқыту аясында доктор Ли ЖИ-ді жаңа іргелі өндірістік жүйе және өнімділік инфрақұрылымы ретінде терең талдауды ұсынды», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Доктор Кай-Фу Лидің бағдарламасы автономды ЖИ-агенттердің эволюциясы (өздігінен жоспарлап, мақсаттарға жете алатын жүйелер), жаһандық технологиялық ландшафт және ЖИ-ді мемлекеттік секторда қолдану сценарийлері сияқты аса маңызды бағыттарды қамтыды. Қатысушылар модельдер мен құралдарды біріктіруге қажетті платформалық қабат тұжырымдамасымен, сондай-ақ адам мен алгоритмдердің өзара әрекеттесуінің заманауи тәсілдерімен, соның ішінде промпт-инжиниринг және «vibe-coding» әдістерімен танысты.
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар өз ведомстволарында инновациялық бастамаларды іске асыру үшін теориялық біліммен қатар практикалық құралдарды да меңгерді.
Еске салайық, 4 мамырда Алматыда алғаш рет жасанды интеллектке арналған Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық көрме – GITEX AI Kazakhstan 2026 өтеді. Форумға 60-тан астам елден саясаткерлер, технологиялық компаниялар, стартаптар мен инвесторлар жиналады. Қатысушылар қатарында әлемдік технологиялық көшбасшылар бар: Cisco, Cloudflare, Google Cloud, Huawei, Dell, H3C Technologies, Lenovo, Trend Micro, Hikvision, HP, Noventiq, Redington, Salesforce, Vertiv және Yandex және басқа да ұйымдар.