
Әлемдік стримингтік алпауыт Netflix алғаш рет елімізге келіп, аңыз адам Джеки Чан туралы ауқымды деректі фильмнің түсірілімін бастады. Бүгін жобаның Ақтау қаласындағы түсірілім кезеңі сәтті аяқталды.
«Бұған дейін Netflix әлемдік спорт аңыздары туралы ауқымды деректі фильмдер шығарған, соның ішінде Майкл Джордан жайлы әйгілі жобасы да бар. Енді кезек Джеки Чанға келді», – деп жазды DALA EDGE директоры Мақсат Кикімов.
Халықаралық жобамен жұмыс істеп жатқан отандық команда алдағы күндері Бакуге аттанады. Алайда фильмнің Қазақстандағы кезеңі мұнымен бітпейді:
- 13 тамызда Джеки Чан Қаскелеңдегі DALA EDGE кампусына келеді;
- Түсірілім жұмыстары осы локацияда қайта жалғасады;
- Отандық команда бұл халықаралық жобаны 5 қазанға дейін бірге жүргізеді.
Кикімовтың сөзінше, бұл жоба Қазақстан үшін жай ғана кино түсіру емес. Бұл – еліміздің халықаралық деңгейдегі орнын нығайтып, Қазақстанды әлемдік ауқымды киножобалар түсірілетін маңызды алаң ретінде танытуға жасалған үлкен қадам.
Айта кетейік, осыған дейін Джеки Чан Маңғыстауда «Доспехи Бога: Ультиматум» фильмінің негізгі түсірілімін бастаған еді.