Жаңалықтар

Алматы облысындағы жасөспірімдер төбелесі пышақ жарақатымен аяқталды

полиция
Алматы облысындағы жасөспірімдер төбелесі пышақ жарақатымен аяқталды / Фото: Shutterstock

Алматы облысы Қарасай ауданының Тұрар ауылында бір топ жасөспірім арасында төбелес болып, салдарынан қатысушылардың бірі пышақ жарақатын алған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиғаның видеосы тараған. Онда жастар арасындағы сөз таластың жаппай төбелеске ұласқаны көрінеді. Жанжал кезінде қатысушылардың бірі екіншісіне пышаққа ұқсас затпен шабуыл жасайды.

Алматы облысының полиция департаменті аталған факті бойынша «бұзақылық» бабымен қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«1 мамырда Алматы облысы Қарасай ауданы Тұрар ауылының тұрғыны пышақ жарақатымен ауруханаға жүгінді. Оның жарақатты туған күн тойлау кезінде жергілікті тұрғындармен туындаған тұрмыстық жанжал барысында алғаны анықталды. Қылмыстық істер екі тарапқа қатысты да тергелуде», – деп атап өтті полиция.

Сондай-ақ, оқиға түсірілген видеода мемлекеттік нөмірлері жоқ автокөліктер тіркелген. Полиция қатысушылардың көлігі айыппұл тұрағына қойылғанын хабарлады.

Тергеу барысы полицияның бақылауында. Кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.