Қазақстан құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты

Жарияланды 4 Мамыр 2026 23:50

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

​​General news бөлімінің тілшісі a.tolendi@kursiv.media
сборная Казахстана, настольный теннис, командный чемпионат мира, Лондон
Қазақстан құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты / Фото: ҰОК

Лондонда (Ұлыбритания) өтіп жатқан үстел теннисінен командалық әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы сенсация жасап, тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Ұлттық құрама 1/16 финал кезеңінде Испания командасымен кездесіп, тартысты өткен матчта 3:1 есебімен басым түсті. Осы жеңістің арқасында отандық теннисшілер өз тарихында алғаш рет әлем біріншілігінің 1/8 финалына жолдама алды.

Матч қалай өтті?

Кездесу қазақстандықтар үшін сәтті басталды:

  • Алан Құрманғалиев алғашқы ойында Альваро Роблесті 3:1 есебімен жеңіп, команданы алға шығарды.
  • Екінші болып шыққан құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко Хуан Пересті 3:1 есебімен ұтып, басымдықты нығайтты.
  • Үшінші матчта испаниялық Даниэль Берзоса Айдос Кенжіғұловты 3:1 есебімен жеңіп, есеп айырмасын қысқартқанымен, бұл кездесудің тағдырына әсер ете алмады.
  • Шешуші ұпайды тағы да Кирилл Герасименко еншіледі. Ол Альваро Роблесті 3:0 есебімен айқын басымдықпен тізе бүктірді.

Келесі қарсылас кім?

Енді Қазақстан ерлер құрамасы ширек финалға жолдама алу үшін Жапония мен Бельгия арасындағы кездесудің жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Әйелдер құрамасының нәтижесі

Өкінішке қарай, Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатындағы жолын аяқтады. 1/16 финалда отандастарымыз Швеция құрамасына 1:3 есебімен жол берді.

Айта кетейік, ерлер құрамасының 1/8 финалға шығуы — отандық үстел теннисі тарихындағы бұрын-соңды болмаған биік белес.

Сондай-ақ оқыңыз