
2026 жылғы сәуір айында Қазақстандағы инфляция деңгейі жылдық мәнде 10,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш жалпы баға өсімінің алдыңғы аймен салыстырғанда бәсеңдегенін көрсетеді. Себебі 2026 жылғы наурызда жылдық инфляция 11 пайыз деңгейінде тіркелген.
Дегенмен, айлық инфляция серпініне назар аударсақ, сәуір айында бағаның бір ай ішінде 0,8 пайызға өскенін байқауға болады. Бұл – өткен наурыз айындағы 0,6 пайыздық айлық өсіммен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш.
Негізгі тұтынушылық топтар бойынша бағаның өзгеруі
Бағаның өсу қарқыны әртүрлі тауар мен қызметтер санатында әркелкі қалыптасты. Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының бағасы бір жыл ішінде 11,3 пайызға өсті. Бұл бағытта инфляциялық қысымның төмендегені байқалады, өйткені 2026 жылғы наурызда бұл санаттағы көрсеткіш 11,7 пайызды құраған болатын.
Керісінше, азық-түлік емес тауарлар сегментіндегі инфляция өсу үрдісін көрсетіп, наурыздағы 11,3 пайыздан сәуір айында 11,7 пайызға дейін көтерілді. Ал ақылы қызметтер нарығындағы баға өсімі айтарлықтай тұрақтанып, бір жылдық өсім 8,9 пайызды құрады (наурыз айында бұл көрсеткіш 10 пайыз деңгейінде болған).
Айта кетейік, сәуір айындағы PMI индексі 48.9 баллды құраған болатын. Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы соғыс қазақстандық өндірушілерге де әсер етті. Жанармай мен мұнай бағасының қымбаттауы, сондай-ақ логистикалық шығындардың артуы шикізат бағасын өсірді.
Соның салдарынан кәсіпорындар өнімдерінің бағасын да көтеруге мәжбүр болды. Дегенмен, бұл қымбатшылық жыл басындағы (қаңтардағы) ҚҚС мөлшерлемесі өскен кездегідей қатты сезілген жоқ.