
Белгілі продюсер Баян Алагөзова осыған дейін өзі сыйлыққа алған «Қыз Жібектің» қамзолын фильмде Жібек рөлін сомдаған, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға қайтарды.
Өтекешова Алагөзованың кеңсесіне кездесуге келген. Онда екеуі әңгіме дүкен құрған.
«Бұл қамзолдың менің қолыма түскенінің өзі де Құдайдың қалауы болып тұр ғой… Қазір мен осы қамзолды сізге қайтарып бергім келеді. Оның тағдырын сіз шешуіңіз керек деп ойлаймын», – деді Алагөзова.
Бұған қоса, ол дизайнер Аида Қауменовамен бірге осы қамзолдың үлгісін алып, енді оны сән үлгісіне айналдыратынын және алдағы жылы болатын «Қазақ Аруы» байқауында қатысушылардың барлығы осы қамзолды киіп шығатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуірде белгілі продюсер Баян Алагөзова Қыз Жібек қамзолын киіп, баға жетпес жәдігерді сыйға алғанын желіде жариялады. Артынша-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі реквизиттің жеке қолға қалай өткенін тексеретінін мәлімдеді. Дегенмен продюсер «50 жыл бойы ешкім іздемеген» қамзолды ешкімге бермеймін деген еді.
Кейіннен продюсер Меруерт Өтекешоваға көрсеткен құрметі ретінде оған ай сайын 1 млн теңге зейнетақы төлеп отыратынын айтқан еді.