
Деректерді өңдеу орталықтарына деген сұраныс, әсіресе, жасанды интеллект саласындағы жобалар тарапынан, энергетикалық инфрақұрылымның даму қарқынынан жылдамырақ өсіп келеді. Бұл туралы Akashi Data Center PLC компаниясының операциялық директоры Әділ Біләлов GITEX аясындағы панельдік пікірталаста мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі кезеңде басты фактор инвесторлардың қызығушылығынан гөрі, инфрақұрылымның қажетті қуатты қамтамасыз ете алу қабілетіне байланысты болып отыр.
«Бүгінде мәселе деректерді өңдеу орталықтарын қай жерде салуда ғана емес, сонымен қатар оларды тұрақты әрі болжамды энергиямен қалай қамтамасыз етуде», – деп атап өтті Біләлов.
Ол сұраныс құрылымының өзгеріп жатқанын тілге тиек етті, Егер бұрын негізгі көлем классикалық IT-жүктемелерге тиесілі болса, қазір жасанды интеллектіге қатысты міндеттердің рөлі артып келеді.
«ЖИ сұраныс көлемін ғана емес, жүктеме сипатын да өзгертуде. Бұл – энергетикаға мүлдем басқа талаптар қоятын, жоғары тығыздықтағы есептеулерге арналған инфрақұрылым», – деді ол.
Біләловтың айтуынша, бұл тенденция іс жүзінде қазірдің өзінде байқалуда. Атап айтқанда, жалпы қуаттылығы 10 МВт-қа жуық Akashi деректер орталығының бірінші модулі пайдалануға берілгенге дейін толықтай орын алып қойылған, тіпті өтінімдер көлемі қолжетімді қуаттан асып кеткен.
«Біз сұраныстың біртіндеп емес, ірі блоктармен қалыптасып жатқанын көріп отырмыз. Сөз енді жекелеген тіректер туралы емес, ондаған мегаваттық жобалар туралы болып отыр»,– деп түсіндірді ол.
Компания нысанды дамытуды жоспарлау кезінде осы қарқынды ескеріп отыр. Атап айтқанда, жүктемелердің жаңа түрлеріне, соның ішінде ЖИ-ге қатысты жобаларға арналған жеке қуат көздері қарастырылған.
Біләлов мұндай ауқымда деректер орталықтары ірі өнеркәсіптік нысандармен деңгейлес болатынын, бұл инфрақұрылымды дамытуға неғұрлым кешенді көзқарасты қажет ететінін атап өтті.
Оның пайымдауынша, Қазақстанның деректерді орналастыру мен есептеулер жүргізуге арналған аймақтық хабқа айналуға толық әлеуеті бар. Алайда энергетика мен ілеспе инфрақұрылымның даму қарқыны басты фактор болып қала бермек.
«Толыққанды хаб қалыптастыру үшін тек алаңдардың болуы жеткіліксіз, оларды қажетті қуатпен жылдам қамтамасыз ету мүмкіндігі де өте маңызды», – деп атап өтті ол.
Ол мұндай жобалар үшін жаһандық деңгейде бәсеке жүріп жатқанын айтып өтті. Бұл бәсекелестік қатарында ірі деректер орталығы кластерлері қарқынды дамып жатқан Таяу Шығыс, Шығыс Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтары бар.
Біләлов энергетикадағы ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді шешімдерді ұштастыру қажеттілігіне де ерекше тоқталып өтті.
«Атом электр станциясын салу сияқты ірі жобалардың стратегиялық маңызы зор. Сонымен қатар сала үшін сұраныстың өсуін жақын арадағы кезеңде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шешімдердің болуы да маңызды», – деді ол.
Жалпы алғанда, оның айтуынша, деректер орталықтарының дамуы энергетиканы жаңғыртудың факторына айналуы мүмкін, өйткені олар болжамды әрі ұзақ мерзімді сұранысты қалыптастырады.
«Деректер орталықтары – бұл генерация мен желілік инфрақұрылымның дамуын жоспарлауға мүмкіндік беретін негізгі тұтынушы»,– деп атап өтті Біләлов.
Сарапшы саланың алдағы дамуы цифрлық инфрақұрылым мен энергетика секторының өсуін қаншалықты жылдам үндестіруге байланысты болатынын нақты айтты.